Зайнутдинов пен Айымбетов бүгін алаңға шыға ма?
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Түркия суперлигасының алтыншы туры аясында өтетін «Бешикташ» - «Эюпспор» матчын негізгі құрамда бастауы да ықтимал, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Себебі, стамбулдық ұжым қысқа мерзімде 5 бәсеке өткізбек. Оның үшеуі ішкі біріншілік кездесуі болса, тағы екі ойын Еуропа Лигасының матчтары.
Тығыз кестеге байланысты «Бешикташтың» бас бапкері Джованни ван Бронхорст қосалқы құрамның футболшыларын алаңға шығарады деп күтілуде. Мұндай футболшылардың арасында Бахтиер Зайнутдиновтың алаңға шығатын мүмкіндігі мол.
Айта кетейік, қазақстандық жартылай қорғаушы суперлиганың жаңа маусымында әлі өнер көрсеткен жоқ. Стамбулдық ұжымның жеті матчының үшеуінде ойынға қатысатын футболшылардың тізіміне енгенімен, әлі бірде бір бәсекеде төбе көрсетпеді. Бұл бәсеке 22:00-де басталады. Кездесуді Sport Plus Qazaqstan сайтынан тікелей эфирде тамашалауға болады.
Бұдан бөлек, Түркия суперлигасында доп тебетін тағы бір отандасымыз Абат Айымбетовтің де жасыл алаңнан көріп қалуымыз мүмкін. Қазақстан құрамасының шабуылшысы «Адана Демирспор» жейдесінде «Аланьяспормен» өтетін ойынға қатысуы ықтимал.