Волейболдан Қазақстан чемпионатында «Жетісу» көш бастап келеді
Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында өтіп жатқан ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында «Жетісу» клубы көш бастап келеді, деп хабарлайды Sport +.
Талдықорғандықтар «Есіл» (СҚО) клубының мысын басты. Марат Адрышевтің шәкірттері 3:0 (25:16, 25:15, 25:16) есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде 11 ұпаймен көш бастады.
«Жетісу» бірінші турда жеңілмеген жалғыз команда атанып отыр.
Ел чемпионы «Тараз» «Буревестник» (Алматы) командасын 3:1 (25:20, 25:18, 14:25, 25:19) есебімен ұтып, 10 ұпаймен екінші орынға шықты. «Павлодар» командасы «Атыраудан» 3:0 (25:20, 25:22, 25:23) есебімен айласын асырып, 9 ұпаймен үшінші сатыға жайғасты. Ал алаң иелері қатарынан төрт рет жеңіліп қалды.
Сейсенбі күні «Ақтөбе» - «Буревестник», «Жайық» - «Тараз», «Жетісу» - «Тараз», «Ұшқын-Көкшетау» - «Атырау» командалары өзара шеберлік байқасады.