Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионатының бірінші турында алаң иелері екінші рет қатарынан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sport +.

Сербиялық маман Деян Вуличевич жаттықтыратын «Атырау» клубы бұл жолы «Буревестник» (Алматы) командасына 0:3 (20:25, 22:25, 17:25) есебімен есе жіберді.

Бастапқы кездесуінде ел чемпионы «Тараздан» ұтылған атыраулықтар турнир кестесінде әзірге соңғы, 9-орында тұр.

Тараздықтар жұма күні «Есілге» 1:3 (25:22, 22:25, 22:25, 23:25) жол берді. Бұл жолы сенбіде суперкубок үшін «Ақтөбемен» алаңға шығатындықтан, «Тараздың» бас бапкері Юрий Башкатов қосалқы құрамға сенім артты. 

Өткен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері «Павлодар» «Ұшқын-Көкшетауды» 3:0 (25:20, 25:16, 25:16) есебімен тізе бүктірді. 

Осылайша, турнир кестесінде «Жетісу» (Талдықорған) 8 ұпаймен көш бастаса, одан екі ұпайы кем «Тараз» бен «Павлодар» екінші және үшінші орында келеді. 

Сенбі күні орталық кездесу «Тараз» бен «Ақтөбе» арасында өтіп, жеңген команда суперкубокқа ие болады.