logo

Ел чемпионы «Тараз» жаңа біріншілікті жеңіспен бастады

Ел чемпионы «Тараз» жаңа біріншілікті жеңіспен бастады

Атырау қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында ХХХІІІ Қазақстан чемпионаты алғашқы турының ойындары басталды, деп хабарлайды Sport +.

Бірінші болып алаңға ел чемпионы «Тараз» бен «Ұшқын-Көкшетау» командалары шықты.

Биыл наурызда финалда «Павлодарды» жеңген тараздықтар өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанса, көкшетаулықтар соңғы, 9-орынға ие болып, ширек финалдан тыс қалған еді. 

Бұл жолы Александр Стольников баптайтын «Ұшқын-Көкшетау» матчты тым-тәуір бастағанымен, «Тараз» көп ұзатпай-ақ ойын тізгінін қолына алды. Ақыры Юрий Башкатовтың шәкірттері 3:0 (25:18, 25:14, 25:14) есебімен жаңа маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Бірінші тур 27 қараша күні мәресіне жетеді.

Сенбі күні «Тараз» бен биылғы ел кубогының жеңімпазы «Ақтөбе» командалары суперкубокты сарапқа салады.