logo

Валерий Гусаров NAIZA белдігі үшін октагонға шығады: Мақсатым — чемпион болу

Валерий Гусаров NAIZA белдігі үшін октагонға шығады: Мақсатым — чемпион болу

NAIZA лигасының чемпиондық белдігіне үміткер ресейлік Валерий Гусаров Sport+ сайтына берген сұхбатында Мейірбек Төлегеновпен болатын жекпе-жекке қатысты ойымен бөлісті.

«20 желтоқсанда мен NAIZA чемпиондық белдігі үшін октагонға шығамын. Бұл жай ғана кезекті айқас емес — тәртіпке, құрбандықтарға және ымырасыз еңбекке толы бүкіл өмірімнің нәтижесі. Менің мақтанышпен таныстыратын орным бар: Lions MMA Club — Пхукет, Таиланд. Бұл — менің командам. Менің үйім. Менің күшім. Енді бәске — чемпиондық атақ қойылды. Мақсат айқын: мен ЧЕМПИОН болу үшін келемін».

Сонымен қатар Гусаров өз өмірі мен спорттық жолы туралы да айтты:

«Мен 1992 жылы Красноярскіде дүниеге келдім. Менің спорттық жолым 10 жасымда грек-рим күресімен басталды, алғашқы бапкерім — Покояков В.П. 2005 жылы мен мектеп оқушылары арасында Ресей чемпионы атандым, кейін 8 жыл бойы Ресейдің грек-рим күресі құрамасында өнер көрсетіп, көптеген ұлттық атақтар мен жүлделі орындарға қол жеткіздім.

2016 жылы мен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын алдым — бұл Ресей спортының ең жоғары марапаттарының бірі.

2019 жылы кәсіби ММА-ға ауысып, «Сібір жекпе-жек самбо» клубына қосылдым, ал 2023 жылы Сібір жекпе-жек лигасының (SFL) чемпионы атандым.

2024 жылы мен ең жоғары деңгейде дамуымды жалғастыру үшін Таиландқа көшіп, Lions MMA Club — Пхукет құрамына қосылдым. Бапкерім — Марсио Сезар Грасинья.

Енді мен өмір бойы күткен сәт келді».

Бұл жекпе-жек NAIZA лигасының Атырауда өтетін турнирінің басты айқасы болмақ. Бүкіл ивентті Sport+ тікелей эфирде көрсетеді.



Күн шежіресі