«Улытау» командасы екі қазақстандық жас футболшымен күшейді

Жезқазғанның «Улытау» клубы 20 жастағы қорғаушы Доминик Боловинцев пен 22 жастағы шабуылшы Байжан Маделханмен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Доминик Боловинцев — Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасының ойыншысы. Ол оң қорғаушы ретінде ойнайды. Өзіндік кәсіби мансабын Алматыдағы «Академия 05» командасында бастаған. Өткен маусымда футболшы чехиялық «Лишень» клубында өнер көрсетті.
Байжан Маделхан мансабын «Қайратта» бастаған, кейін «Қайрат-Москва» клубында ойнап, әрі қарай Ресейдің «Муром» клубында өнер көрсетті. Өткен жылы ол астаналық «SD Family» командасында 22 матч өткізіп, Бірінші лигада 7 гол соқты.