logo

Ұлттар лигасы: Германия Босния және Герцоговина құрамасын ірі есеппен жеңді

Ұлттар лигасы: Германия Босния және Герцоговина құрамасын ірі есеппен жеңді

Футболдан UEFA Ұлттар лигасы бесінші турының үшінші ойын күні өтті, деп хабарлайды Sport +.

Аталған ойын күнінде А лигасы үшінші тобында Германия өз алаңында Босния және Герцоговинаны қабылдады.

Неміс футболшылары алғашқы минуттан ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде олардың қатарынан Джамал Мусиала 2, Тим Кляйндинст 23, Кай Хаверц 37-минутта үш гол соғып кетті.

Екінші кезеңде Германия құрамасы басымдықты арттыра түсті. Құрама сапынан Флориан Вирц 50, 57, Лерой Зане 66, Тим Кляйндинст 79-минутта мергендік танытты. Осылайша Германия қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсті.

Бұл топта Нидерланд құрамасы Венгрияны 4:0 есебімен сүріндірді.

Ал В лигасы бірінші тобында Грузия мен Украина 1:1, Албания мен Чехия 0:0 есебімен тең ойнады. Сондай-ақ аталған лигадағы төртінші топта Түркия мен Уэльс 0:0 есебіне қанағат білдірсе, Черногория Исландияға 0:2 есебімен жол берді.

С лигасы бірінші тобында Әзербайжан мен Эстония 1:1 есебімен тең ойнаса, Швеция Словакияны 2:1 есебімен жеңді.

D лигасының екінші тобында сынға түсіп жатқан Андорра Молдоваға 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Енді 17 қарашада алтыншы тур ойындары өтеді. Бұл күні В лигасы үшінші тобындағы Қазақстан сырт алаңда Норвегиямен шеберлік байқасады.