Теннистен Олимпиада жеребесі тартылды
Бүгін Ролан Гаррос стадионында теннистен Париж Олимпиадасының жеребесі тартылып, теннисшілеріміздің бірінші айналымдағы қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Жекелей сында еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда Румыния теннисшісі Кристиан Жаклинмен ойнайды.
Юлия Путинцева украиналық Марта Костюкпен шеберлік байқасады.
Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Александр Бублик жарысты АҚШ теннисшісі Тэйлор Фрицке қарсы матчпен бастаса, тағы бір отандасымыз Александр Шевченко Чехия спортшысы Якуб Меншикке қарсы ойнайды.
Жұптық сынның жеребесі:
Бублик/Недовесов (Қазақстан) – Попырин/Де Минаур (Аустралия)
Жеребе рәсіміне қонақ ретінде түрлі Олимпиада жүлдегерлері, атап айтқанда Энди Маррей (Рио-2016, алтын), Рафаэль Надаль (Пекин-2008, алтын), Станислав Вавкринка (Пекин-2008, жұптық сында алтын), Элина Свитолина (Токио-2020, қола) және Анджелик Кербер (Рио-2016, күміс) қатысты.
Айта кетейік, теннис ойындары 27 шілде мен 4 тамыз аралығында топырақ төсенішінде әйгілі Ролан Гаррос стадионында өтеді.