Теннис: Скатов пен Кукушкин Португалиядағы турнирді сәтті бастады
Қазақстандық теннисшілер Тимофей Скатов пен Михаил Кукушкин Порту (Португалия) челленджер турнирінің 1/8 айналымына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Әлемнің 189-ракеткасы Тимофей Скатов бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 489-орында тұрған португалиялық Фредерику Феррейра Силвамен өткізді.
Қазақстандық теннисші 1 сағат 41 минутқа созылған матчта қарсыласын 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді. Ол 5 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
Әлемнің 134-ракеткасы Михаил Кукушкин рейтингіде 336-сатыдағы қытайлық Цзе Цуймен ойында камбэк жасай алды – 3:6, 6:2, 6:1. 2 сағат 6 минутқа созылған тартысты бәсекеде Кукушкин 1 эйс, 5 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Ширек финалға шығу үшін Т.Скатов әлемнің 249-ракеткасы, даниялық Аугуст Хольмгренмен, М.Кукушкин рейтингіде 224-орындағы бельгиялық Йорис Де Лоремен таласады.