logo

Танымал теннисші Новак Джокович Уимблдонда өз рекордын жаңартты

Танымал теннисші Новак Джокович Уимблдонда өз рекордын жаңартты

Әлемнің 2-ракеткасы, сербиялық теннисші Новак Джокович Уимблдон турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Бұл – оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі 37-інші финалы. Осылайша, Новак өз рекордын жаңартты. Айта кетейік, осыдан екі жыл бұрын спорттық мансабын аяқтаған швейцариялық Роджер Федерердің еншісінде 31 финал бар. 

37 жастағы Джокович сонымен қатар «Үлкен дулыға» турнирін 24 рет жеңіп алған. Бұл да рекорд болып есептеледі. Бұған дейін ол 2023 жылы АҚШ ашық чемпионатында топ жарған. 

Сербиялық спортшы жартылай финалда әлемнің 25-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттиді жарыс жолынан тайдырды – 6:4, 7:6 (7:2), 6:4.

Новак жексенбі күні финалда әлемнің 3-ракеткасы, 21 жастағы испаниялық Карлос Алькараспен чемпиондық атақты сарапқа салады. Өткен жылы бес сетке созылған шешуші бәсекеде Алькарас Джоковичті жеңіп кеткен еді – 1:6, 7:6 (8:6), 6:1, 3:6, 6:4. 

Әйелдер арасында финалда әлемнің 7-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолини мен әлемдік рейтингіде 32-орында тұрған чехиялық Барбора Крейчикова кездеседі. 

Крейчикова жартылай финалда Қазақстанның басты үміті Елена Рыбакинаны жеңген болатын. 

Ал, Асылжан Арыстанбекова – Соня Жиенбаева жұбы жасөспірімдер арасында ширек финалда чехиялық Джули Пастикова – германиялық Юлия Штузекке 0:6, 5:7 есебімен жол беріп, жарыс жолынан шығып қалды. 



Күн шежіресі