Шымкенттегі жекпе-жектер: «Alash Pride» 126-127 турнирлерінің тікелей эфирі
18 шілде күні Шымкентте «Alash Pride» лигасының екі турнирі өтеді.
Күндізгі кард аясында кәсіби мансабын енді бастап келе жатқан, рекордтары аз әрі өздерін жарқын қырынан көрсетуге ниетті файтерлер өнер көрсетеді. Көп жағдайда дәл осы күндізгі кардтан кейін спортшылар негізгі кешкі кардқа шығуға мүмкіндік алады.
Соның жарқын мысалы — өзбекстандық Муслим Мадалиев. Ол кешкі турнирдің қосалқы басты жекпе-жегінде жеңіліп көрмеген қазақстандық Самат Аслы Әлимен кездеседі.
Самат кәсіби мансабын 2024 жылы OCTAGON лигасында бастады. Кейін 2025 жылдың қаңтарында «Alash Pride» турнирінде Алмас Жарқынбаевты нокаутқа түсірді. Осылайша, Шымкенттегі жекпе-жекке Самат екі кездесуде де мерзімінен бұрын жеңіске жеткен спортшы ретінде келеді.
Оның қарсыласы Муслим Мадалиев те «Alash Pride» жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол соңғы екі жекпе-жегін қазақстандық лигада өткізіп, Фархад Жолдасовты нокаутпен жеңсе, кейін Айдар Белғожоевтен мерзімінен бұрын жеңіліс тапты.
Сондай-ақ Абдималик «Волчонок» Байзатбек пен Gor Team командасының өкілі Артем Бутко арасындағы кездесу де ерекше қызығушылық тудырып отыр. Байзатбек лигада қатарынан екі жеңіске жетті: алдымен Ожджан Ишиговты нокаутқа түсірсе, кейін сол уақытқа дейін жеңіліп көрмеген ресейлік Хетаг Моргоевты төрешілер шешімімен жеңді.
Торға сондай-ақ Сағатбек Ерғанат қайта оралады. Ол OCTAGON лигасында Мавлонбек Миркомиловтен алған жеңілісінің есесін қайтаруға ниетті. Қазіргі таңда Сағатбектің рекорды — 5 жеңіс және 1 жеңіліс. Оның бес жеңісінің үшеуі мерзімінен бұрын аяқталған. Бұл жолы оның қарсыласы Қырғызстаннан келген тәжірибелі Жұрабек Тешабоев болады. Оның кәсіби мансабында 20 жекпе-жек бар, соның ішінде ACA лигасында да өнер көрсеткен.
Күндізгі кард сағат 13:00–де, ал кешкі кард 18:00–де басталады.
Екі турнир де Sport+ телеарнасынан, sportplustv.kz сайтында және Sportplus_Qaz YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.