Спортшылар Тайтөбеге көмекке аттанды
Астанада орналасқан «Дала қырандары» жастар қозғалысының бастамасымен бір топ спортшы су тасқыны қаупі төніп тұрған Ақмола облысы Тайтөбе ауылына автобуспен жолға шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
Кешелі бері керек-жарақты жинап әлеуметтік желіде көпшіліктің басын қосқан белгілі спортшылар, бүгінде ерікті ретінде ауылға көмекке кетті. Олардың арасында Асхат Ділмұхамедов, Мерей Ақшалов, Василий Тахтай және тағы басқа белгілі спортшылар бар. Жас «қырандар» да бас қосып аға буынға ерді.
Қазіргі уақытта Астанадан 23 шақырым жердегі Тайтөбе ауылында ауқымды су үйлерге бірнеше метр жақын жерде тұр. Осы қауіптің алдын алу үшін ауыл тұрғындары резеңке етік, қап, қолғап, күрекке мұқтаж. Оған қоса физикалық жұмыс жасап, көмектесетін адамдар қажеттілігі де жоғары. «Дала қырандары» осы орайда көмекке аттанған.
Бұған дейін де аталмыш ұйымның мүшелері Қосшы ауылына барып, үлкен көлемде қар күреп, кейін Астанадағы гуманитарлық көмек қоймасында да жәшіктерді тасып жәрдем берді.