Батырхан Төлеуғали Астанада өтіп жатқан таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалында −80 кг салмақта күміс жүлдегер атанды. Ақтық сында Төлеуғали ирандық Радин Зейналиге есе жіберді, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Осылайша, Батырхан Төлеуғали Қазақстан таеквондосының тарихында әлемдік Гран-при сериясының қорытынды турнирінде ақтық сынға шыққан алғашқы қазақстандық спортшы атанып, күміс жүлде иеленді.
Радин Зейнали мен Батырхан Төлеуғали 2025 жылы Найробиде өткен U21 әлем чемпионатында өз салмақтарында алтын медаль жеңіп алған болатын. Зейнали −74 кг, ал Төлеуғали −87 кг салмақта әлем чемпионы атанды.
Батырхан Астанада өз салмағындағы 16 қатысушының арасында 16-нөмірмен жарысқа түсті. Ол алғашқы айналымда әлемнің 2025 жылғы чемпионы, бразилиялық Энрике Маркес Родригес Фернандесті 2:1 есебімен жеңді. Алғашқы екі раундта спортшылар бір-бірден жеңіске жетсе, үшінші раундта Төлеуғали 11:5 есебімен басым түсті.
Ширек финалда Төлеуғали 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Артём Мытаревті (Ресей) жеңді. Жартылай финалда 2026 жылғы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері Зураб Кинцурашвилиден (Грузия) 2:1 есебімен басым түсіп, ақтық сынға жолдама алды.
Астанадағы турнирге олимпиадалық рейтинг бойынша іріктелген Төлеуғали G-10 санатындағы жарыста екінші орынға ие болып, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеуде маңызды 60 рейтингтік ұпай жинады.
Айта кетерлігі, Астанада өтіп жатқан әлемдік Гран при финалына 38 елден 128 спортшы қатысып жатыр.
Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында жалғасады. 29 қарашада Қазақстан атынан −58 кг салмақта Тамирлан Тілеулес даянгқа шығады. Турнирді «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.
