Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) жоғары басқарушы органы — Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиынға WADA президенті Витольд Банька, агенттіктің бас директоры Оливер Неггли, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Халықаралық Олимпиадалық комитеті мен Халықаралық Паралимпиадалық комитетінің өкілдері, сондай-ақ ұлттық допингке қарсы ұйымдардың басшылары қатысты.

Отырыстың күн тәртібіне Дүниежүзілік допингке қарсы кодексті іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін жетілдіру, допингке қарсы білім беру мен ғылыми бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері енгізілді.

Ербол Мырзабосынов еліміздің таза спорт қағидаттарын берік ұстанатынын жеткізді.

«Қазақстан үшін таза спорт — ең алдымен әділдік пен тең мүмкіндік. Әр спортшы жеңіске адал еңбегімен жетуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев „Заң мен тәртіп“ және „Таза Қазақстан“ қағидаттарын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Олардың негізінде әділдік, жауапкершілік және заңды құрметтеу жатыр. Спортта да осы талаптар сақталуы тиіс», — деді Ербол Мырзабосынов.

Министр елімізде ұлттық допингке қарсы жүйені нығайтуға, халықаралық талаптарды енгізуге, сондай-ақ жас спортшылар арасында допингке қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

«Біздің ортақ мақсатымыз — спортшылардың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді сақтау», — деді министр.

Қазақстан мен WADA арасындағы ынтымақтастық 2025 жылғы қазанда агенттік президенті Витольд Баньканың елімізге сапарынан кейін жаңа қарқын алды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев WADA президентін Қазақстандағы спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кетейік, WADA Құрылтайшылар кеңесі — агенттіктің жоғары басқарушы органы. Оның құрамына халықаралық спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді. Кеңес допингке қарсы күрес саласындағы жаһандық саясатты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.