Спорт саласындағы заңнама жаңартылады: Президент Жолдауы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Президент аталған заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беретіні айтты.
«Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.