Түркістанда 68 жастағы алты дүркін әлем чемпионы тұрады
Түркістандық Әбдісадық Халилаевты жерлестері «Әлем чемпионы» атап кеткен, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Самбо күресінен қарсылас шақ келтірмейтін қария әлі күнге дейін жарыстарға қатысып, боз кілемде күреседі. Тіпті, ардагер спортшылар арасында өтетін әлемдік сайыстарда 5 дүркін чемпион болып, еліміздің абыройын асқақтатқан.
Жасы жетпіске келген қарияның спортты жанына серік еткеніне 50 жылға жуық уақыт болды. Таңертең ертемен тұрып жүгіру күнделікті әдеті.
Одан бөлек, жаттығу залдарына барып, денесін шынықтырып отырады. Жастармен бірге футбол, баскетбол, волейбол ойнайды. Күрестің тәсілдерін қайталап, тәжірибесін шыңдайды.
Әбдісадық Нұрлақұлы 2011 жылы Прагада, 2012 жылы Балгорияда, 2013 жылы Африкада, 2023 жылы Орал қаласында спорт шеберлері арасында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, әлем чемпионы атағын алған.
Сондай-ақ, самбо, дзюдо, қазақша күрестен спорт шебері, әрі самбодан халықаралық дәрежедегі төреші. Қазіргі кезде қария алдағы өтетін жарыстарға дайындалып жатыр.