Сергей Малый: Нәтиже үшін қатты уайымдаймыз, бұл командаға қысым келтіреді
Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Сергей Малый УЕФА Ұлттар лигасы аясындағы Фарер аралдарына қарсы матч туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
«Әрине, матчтың сәл басқаша өрбігенін қаладық. Жеңгіміз келді, соған дайындалып шықтық. Стандарттан гол жіберіп алдық. Қазір қатарынан үш ойында стандарттан гол өткізіп отырмыз. Бұл мәселемен жұмыс істеу керек.
Құдайға шүкір, ойынға қайта орала алдық. Егер алаңнан қуылу болмағанда, қарсыласты қысып, жеңісті жұлып алар едік деп ойлаймын. Бірақ менің ешқандай жаман ойым болған жоқ. Бұл абайсызда жасалған фол болды. Сондықтан қарсыласты толық қыса алмағанымыз өкінішті.
Ең алдымен, ел алдындағы нәтиже үшін жауапкершілік бізге қатты қысым жасап тұр деп ойлаймын. Сондықтан аздап қысылып ойнаймыз. Әрине, голды қорғаушылар соғып жатыр. Бірақ шабуылшылар да сәл қысылып жүрген сияқты.
Есеп 0:2 болғаннан кейін, есепті қысқарта алдық. Содан кейін ойын жүріп кетті. Максим де қауіпті сәттер жасай бастады, жалпы бәріміз де мүмкіндіктер жасай бастадық. Сондықтан психология жағынан көбірек жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Еркінірек ойнау керек. Өйткені біз нәтиже үшін өте қатты уайымдаймыз. Бұл командаға қысым жасап, барлығына әсер етіп жатыр», — деді Сергей Малый.