logo

Шахбоз Умаров: Өзбекстан 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алатынына сенімдімін

Шахбоз Умаров: Өзбекстан 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алатынына сенімдімін

Кеше ғана Азия кубогында өнер көрсетіп, Өзбекстан құрамасымен ширек финалға дейін жеткен Шахбоз Умаров команда құрамына қосыла сала оқу-жаттығу жиынындағы алғашқы ойынын да өткізіп үлгерді. «Ордабасы» мен ресейлік «Факел» арасындағы матчтан соң алыс жолдан шаршап келген Умаров Sport Plus Qazaqstan тілшісіне сұқбат берді.

- Шахбоз, көңіл-күйің қалай? «Факелге» қарсы ойын жайлы не айтасың?

- Kомандаға келе салысымен жаттығуға кірісіп кеттім. Жігіттерді көріп бір қуанып қалдым. «Факелмен» болған ойынға келсем, матч өте қиын өрбіді. Бас бапкердің бірді-екілі тактикалары жүзеге асса, кейбір тапсырмаларын сәтсіз орындадық. Дегенмен уақыт өте келе бәрі жөнге келеді деп ойлаймын.

- «Факелмен» болған кездесудегі соғылған жалғыз доптың авторы өзіңсің. Сол голың жайлы айта кетсең?

- Ия, гол соққаныма қуаныштымын. Және ол гол бірінші кезекте Асханың (Асхат Тағыберген) арқасында соғылды. Байқасаңыздар Асхат қарсыластың аяғынан допты тартып алды да, дер кезінде маған пас беріп үлгерді. Допты алғаннан кейін көз қиығыммен қақпашының сәл алға қарай шығып кеткенін шамаладым. Сосын қақпаның сол жағына тебетіндей болып көз тастадым да, допты оң жақ бұрышқа теуіп жібердім. Қақпашы бұған дайын болмады. Соққы жойқын шықпаса да, жақын бұрышқа дөп тиіп, торға тоғытылды.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от «ОРДАБАСЫ» ФК | FC ORDABASY ?⚪️ (@fc__ordabasy)

- Ал енді әңгімемізді ұлттық құрамаға бұрсақ. Жақында ғана Азия Кубогы аяқталды. Өзің өнер көрсететін Өзбекстан құрамасы ширек финалға жетіп жығылды. Sport Plus Qazaqstan телеарнасы арқылы тікелей эфирде өздеріңе жанкүйер болған көрерменге сол жарыстың қатысушысы ретінде Қатардағы атмосфера жайлы айта кетсең?

- Атмосфера керемет болды. Oны сөзбен жеткізе алмаймын. Әлем чемпионатында ойнамасақ та, сол мундиаль ойындары өткен алаңдарда доп тептік. Бір қуандық, мұңайдық. Спорт болғасын жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Топтық кезеңнен мүдірмей өттік. Содан соң сегізден бірінші финалда Тайландты тізе бүктірдік. Ширек финалда алаң иелерімен кездесетінімізді білгенде-ақ, ол ойынның оңай болмасын түсіндік. Бірінші таймда бір гол өткізіп алсақ та, мойымадық. Кездесудің екінші жартысында таразы басын теңестіргеннен соң, жеңісті жұлып алатын да мүмкіндігіміз болды. Тіпті пенальти сериясында да есепте алда болдық. Әттең… (Шахбоз еріксіз бір күрсініп алды)

- Пенальтилер сериясында өз мүмкіндігіңді мүлт жібермедің. Алайда сенен кейін нүктеге келген командаласың Зафармурод Абдурахматов қақпашыдан айласын асыра алмады. Және жанкүйерлердің ашуын туғызғаны оның гол соға алмағаны емес, ешқандай қимыл жасамастан, бір орында тұрып, допты тебе салғаны болды. Зафардың бұл әрекетін құрамадағы жігіттер қалай қабылдады?

- Өте ауыр қабылдадық. Жеңіс қолда тұрғандай еді. Әттең-әттең деуден басқа амал жоқ. Дегенмен, ол - жас ойыншы. Жанкүйерлердің ренішін түсініп тұрмын. Алайда біз оны жұбатуға асықтық. Себебі біз де қосыла кетіп оны сөгетін болсақ ол өзін-өзі жеп қоюы мүмкін еді. Бұл қателіктен ең алдымен Зафармуродтың өзіне қиын. Енді ол сол сәтсіздікпен өмір сүруі керек. Бұл оңай емес. Біз ғой, көпті көрген, сабыр сақтай аламыз. Ал жас ойыншылар мұндай сәттерде психологиялық тұрғыда сынып кетуі ғажап емес. Сондықтан біз ең бірінші болып қолдау жасадық және жасай береміз.

Шахбоз Умаров: Өзбекстан 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алатынына сенімдімін

- Футболда қалыптасып қалған бір ұғым бар: пенальти - бұл лоторея деп жатамыз. Сіз енді сол сәтті бастан өткерген жан ретінде, ірі доданың қатысушысы ретінде айтыңызшы, пенальтилер сериясы - расымен лоторея ма?

- Жоқ, мен лоторея деген пікірмен келіспеймін. Бұл біріншіден тәжірибе деп айтар едім. Кім күнделікті өмірде, қарапайым жаттығуларда, біріншілік барысындағы матчтарда оны еркін орындай алады, сол ойыншы сындарлы сәтте де салқынқандылық таныта біледі. Сондықтан он бір метрлік айып соққысын лоторея дегенді өз басым қабылдай алмаймын. Бұл да бір сайыс және оған біз кәсіби спортшы ретінде кезкелген жағдайда дайын болуымыз керек.

- Сіздер сол пенальтилер сериясындаға ғана жол берген Қатар құрамасы финалда Йорданияны тізе бүктіріп, Азия Кубогын қатарынан екінші рет ұтты. Бұл ойынды көрдіңіз бе?

- Мен финалды тамашай алмадым. Себебі ол сәтте бізде өзіміздің ойын өтіп жатты. Қатар құрамасына келсек, олар өте мықты. Жарыс қожайындары, өз жанкүйерлерінің алдында тынымсыз жүгіре береді, шаршауды білмейді. Йордания да осал емес. Бірақ алаң иелерінің жеңісіне таңғалмаймын. Тек қатарлықтардың орнында финалда біздің ойнауымыз мүмкін еді деген ой көкейде қылаң беретінін жасырмаймын. Десе де бәрі өтті, кетті. Ал өмір жалғаса береді.

- Өзбекстанның ойын мәнерінде белгілі бір жүйе және мықты-мықты ойыншылар бар. Құрамада көшбасшы жігіттер де жетерлік. Бірақ неге соңғы сәтте жеңімпаз қарсылас команда болып жатады. Біресе Әлем чемпионатына шығайын деп тұрған сәтте сәттілік жетіспей қалады. Жартылай финалға шығайын деп тұрғанда тағы бірдеңе жетіспей қалады?

Білмеймін. Біз үнемі тырысамыз, талпынамыз, тынымсыз жаттығамыз, еңбектенеміз де. Бірақ сол «чуть-чуть, чуть-чуть» дегеннен өзіміз де шаршай бастадық. Алдымыздан шыға да тұрады. Дегенмен, біз мойымаймыз. Алда Әлем біріншілігі келе жатыр. ИншАлла, 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама аламыз деп ойлаймын. Мен соған сенемін!

Шахбоз Умаров: Өзбекстан 2026 жылғы Әлем чемпионатына жолдама алатынына сенімдімін

- Қатарда өткен Азия Кубогында жанкүйерлер қолдауын қаншалықты сезіне алдыңдар?

- Жанкүйерлер бізбен алғашқы күннен бастап бірге болды. Бізді қолдаған жанкүйерлердің қатарында қазақ елінің азаматтарының да көп болғаны қуантады. Жеңіске жеткенімізде де, жеңіліп, жартылай финалдан шет қалған кезімізде де қолдау білдірген қазақ еліне, мың алғыс. Бізге бауырмалдық танытқандарыңыз үшін басымды иемін. Қазақ халқын жақсы көремін.

- Өзбекстан құрамасына біз де сәттілік тілейміз. Ал енді «Ордабасыға» ойыссақ. Шым шаһарда өткенмаусымда өзбекстандық екі ойыншысы болды. Оның бірі өзің болсаң, екіншісі Бобыр еді. Қәзір ол командада жоқ. Бобыржанмен хабарласып тұрасыңдар ма? Ол алдағы маусымда қайда доп тебемін дейді?

- Ия, хабарластым. «Насаф» сапында ойнап, үйде боламын деді. Жігіттерге сәлем айтуды да ұмытпады.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от «ОРДАБАСЫ» ФК | FC ORDABASY ?⚪️ (@fc__ordabasy)

- Қазір «Ордабасыға» тағы бір отандасың қосылды - Жасур Яхшибоев. Ол - «Сантяго Бернабеуде» мадридтің «Реалына» гол соққан футболшы. Қазір команда сапында сенімді серігі өзің шығарсың?

- Біздің командамызда Жасурды барлығы жақсы қабылдады. Жалпы, ұжымымызға кім келсе де біздің құшағымыз әрдайым ашық. Себебі әрбір жаңадан қосылған ойыншы командаға көмектессем деген ниетпен келеді. Бізді алда еурокубок ойындары күтіп тұр. Жасурдың бұл тұрғыда тәжірибиесі мол. Оның көрген-білгені, сол арқылы түйген-түйсінгені біз үшін де маңызды. Шеберлігі шыңдалған, кәрі құрлықта доп тепкен жерлесімнің біздің командаға тигізетін көмегі де көп болады деген үміттемін.

- Еурокубок демекші, биыл УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайсыңдар. Бұл жайт өзіңді қаншалықты қанаттандырады?

- Әлбетте. Чемпиондар лигасында доп тебу кезкелгенге бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан да клубтар арасындағы ең беделді доп додасында өнер көрсетеміз деген ойдың өзі бізді жаңа жетістіктерге жетелейді. Қайраттандырып, қанаттандырады. Намысымызды жанып, қамшылайды. Сол секілді Қазақстан чемпионы деген атағымызды да қорғап қалуға деген мақсатымыз бізге қосымша мотивация береді. Сондықтан жанкүйерлерге айтарым, «Ордабасы» қаншалықты мықты екенін ішкі біріншілікте ғана емес, Еуропа алаңдарында да көрсетеміз. Осыған сеніңіздер. Бастысы - жоспар белгілі, мақсатымыз айқын.