logo

Рим турнирінде Рыбакина бастаған қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

Рим турнирінде Рыбакина бастаған қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

Италия астанасы Рим қаласында теннистен әйелдер және ерлер арасында өтетін турнирдің жеребесі тартылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Римде 7-19 мамыр аралығында өтетін WTA 1000 жарысында Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайды. 

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 161-орында тұрған румыниялық Ирина Бегу немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды. 

Қазақстанның екінші, әлемнің 41-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда рейтингіде 87-сатыдағы италиялық Мартина Тревизаннан өтуге тырысып көреді. 

Ерлер арасында Рим мастерс турнирін Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Александр Бублик те екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 51-ракеткасы, испаниялық Педро Мартинес-Портеро немесе рейтингіде одан екі саты кейін тұрған португалиялық Нуну Боржештің қай жеңгенімен кездеседі. 

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 60-ракеткасы Александр Шевченко рейтингіде 36-сатыдағы мажарстандық Фабиан Марожанмен шеберлік байқасады.