Рафаэль Уразбахтин: Дастан Сәтпаев командаға 3 ақпанда қосылады деп үміттенемін
«Қайраттың» бас бапкері «Брюггемен» матч алдында Сәтпаевтың қалпына келуі, бельгиялықтармен ойынға жоспар және жастарға берілетін мүмкіндік туралы айтып берді:
— Ертең біз Дастан Сәтпаевты көре аламыз ба?
— Жоқ, оны көрмейміз. Ол оқу-жаттығу жиындарында болған жоқ, қазір оңалту кезеңінен өтіп жатыр.
— Ол қашан оралады?
— Оны жедел түрде ойынға қосуға болар еді, бірақ әзірге операциясыз емдеу туралы шешім қабылдадық. Қашан оралатынын уақыт көрсетеді. 3 ақпаннан бастап екінші оқу-жаттығу жиынымыз жоспарланған, сол кезде Дастан бізбен бірге болады деп үміттенеміз.
— Нәтижені құрбан етіп, ашық ойнауға дайынсыз ба?
— Біз өз ойын стилімізден бас тартпаймыз, бірақ «Брюггенің» чемпионаты қызған шағында өтіп жатыр, олар жақсы бабында. Сондықтан тактикалық тұрғыда сауаттырақ әрекет етуіміз керек. Қазіргі қай жерде тұрғанымызды жақсы түсінеміз. Біз ел намысын қорғап отырмыз. Сонымен қатар Чемпиондар лигасында жиналатын ұпайлардың қаржылық маңызы да бар — бұл клуб үшін өте маңызды. «Брюггемен» матч біз үшін жай ғана ойын емес. Біз байыпты дайындалып жатырмыз, жігіттердің де ынтасы жоғары.
— «Брюггенің» деңгейі мен ойын стиліне баға бере аласыз ба?
— Мен еуропалық футболдың грандтарын айтпаймын, ол жақта жұлдыздар көп. Ал «Брюгге» мен «Копенгаген» секілді командаларды алсақ, олардың нақты ойын стилі бар. Кей тұстарда «Брюгге» «Олимпиакосқа» ұқсайды — прессинг ойнайды, допты жылдам қозғалтады. Айырмашылықтары да бар: бельгиялықтар орталық аймақ арқылы және орта қашықтықтағы пастармен көбірек ойнайды. Біз үшін ең бастысы — жинақы әрі тәртіпті ойнап, алаңның ортасын жабуға тырысу. Қалай болатынын ойын көрсетеді.
— Оқу-жаттығу жиындарында жас ойыншылар көп болды. Олар Чемпиондар лигасындағы қалған матчтарда мүмкіндік ала ма?
— Бұл жігіттер жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында өзін жақсы қырынан көрсетті. Кім өзін айқын көрсетсе, соларды негізгі құрамға тартып отырмыз. Барлығы өздеріне байланысты — біз әрдайым жастарға көп көңіл бөлеміз.
