ҚПЛ қайта оралды: «Жеңіс» – «Атырау» матчының тікелей эфирі
Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарына байланысты үзілістен кейін Қазақстан Премьер-лигасының матчтары қайта жалғасады.
10 қазанда чемпионат аясында бірден төрт кездесу өтеді. Солардың бірі — елордада өтетін «Жеңіс» пен «Атырау» арасындағы ойын. Бұл матч Sport+ Qazaqstan телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.
Екі команда да маусым барысында бас бапкерлерін ауыстырды. Қазіргі уақытта елордалық клубты босниялық маман Владимир Шливкович жаттықтырса, «Атыраудың» тізгінін Самат Смақов ұстап отыр.
Шливковичтің жетекшілігімен «Жеңіс» жеті кездесу өткізді. Оның алтауы Қазақстан Премьер-лигасында, біреуі ел Кубогында өтті. Осы ойындарда елордалықтар төрт жеңіске жетіп, үш рет жеңіліс тапты. Бір қызығы, төрт жеңістің барлығы «Астана Аренада» тіркелсе, үш жеңіліс те сырт алаңда болды.
Босниялық маман келгеннен кейін хорватиялық шабуылшы Андрия Филипович те нәтижелі ойынымен көзге түсіп, команданың үздік сұрмергендерінің біріне айналды. Айта кетейік, Филипович «Атырау» жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Ол бұған дейін мұнайшылар сапында өнер көрсетіп, ҚПЛ-дың үздік сұрмергені атанған болатын.
Ал Самат Смақовтың жетекшілігімен «Атырау» алты матч өткізді. Осы аралықта команда «Қызылжарды» жеңіп, «Ақтөбемен» тең түсті. Сондай-ақ турнир кестесінің көшбасшылары «Ордабасы», «Астана» және «Оқжетпеске» есе жіберді.
Қазіргі уақытта «Атырау» турнир кестесінде соңғы орыннан бір саты жоғары орналасқан. Мұнайшылар келесі маусымда Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күрес жүргізіп жатыр.
Матч 10 қазанда сағат 19:00–де басталады.
Кездесуді Sport+ Qazaqstan телеарнасынан және sportplustv.kz сайтынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.