Қазыбек Сағын: Бағдат Жұбанышпен жекпе-жекке Құдай өзі жеткізетін шығар
Қазақстандық файтер Қазбек Сағын Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында NAIZA лигасындағы қарсыласын талдап, Диас Еренғайыповпен жекпе-жекке қашан түсетінін айтты және өзі жайлы Бағдат Жұбаныштың айтып жүрген әңгімелеріне жауап берді.
— Жаңа салмақтағы дебютіңізге қалай дайындалып жатырсыз?
— Бұған дейінгі 3 жекпе-жекке 57 келі салмақта шықтым. Сондықтан жаңа салмақ деп есептемеймін. Үнемі төбелесіп жүргендіктен мен үшін қалыпты.
— Сіздің лақап атыңыз — «Flash». Ауыр салмаққа ауысқанда жылдамдығыңызды жоғалтып алмайсыз ба?
— Бұл салмақта да өзімді жақсы сезінемін. Керісінше, маған осы салмақ лайық деп есептеймін. 53 келіге түсу үшін әбден салмақ қуып, қатты қиналатын едім.
— Бразилиялық жауынгер да Сильваның жекпе-жегін көрдіңіз бе? Оның қандай мықты немесе осал тұстарын атай аласыз?
— Бір жекпе-жегін көрдім. Оның өзінде бір-екі рет қана қарадым. Былайша, жақсы. Мықты тұстарын да әлсіз тұстарын да байқадық. Мен оған барлық жағынан дайынмын.
— Жеңіске жетсеңіз, кімді жекпе-жекке шақыру ойда тұр? Бірден Диас Еренғайыповқа үндеу тастайсызба, әлде сізге оған дейін тағы бір-екі жекпе-жек керек пе?
— Жеңіске жеткеннен кейін жекпе-жекке шақыратын адамды шақырамыз!
— Бағдат Жұбаныш әлеуметтік желі арқылы 55 келідегі сізде кеткен есесін қайтару жайында айтып жүр. Мұнысына қалай қарайсыз? Әлде онысы бос әңгіме ме?
— Егер Бағдат 55 келіге дайын болса, төбелесемін. Одан бұл салмаққа келісетіні жайлы жақсы хабарлар келді. Алла қалауымен алдымыздағы жекпе-жектерді өткізіп алайық. Бағдат Жұбанышпен жекпе-жекке Құдай өзі жеткізетін шығар.
— «Егіз лебіз» шоуына қатыстыңыз. Бұл жерден нені үйрендіңіз? Шоуға қатысқаныңызға өкінесіз бе?
— Мен үшін өте жақсы өтті. Жақсы адамдармен таныстым. Ешқандай өкініш жоқ. Танымалдылық жағынан оң әсерін тигізді.