Қазбек Сағын: Менде қайта оралып, ауқарым бар екенін көрсету үшін екі есе мотивация бар
NAIZA лигасының бұрынғы чемпионы Қазбек Сағын Sport+ арнасына берген сұхбатында Еламан Саясатовпен жекпе-жекте алған қол жарақатынан кейін октагонға оралу туралы ойымен бөлісті:
— Қолым толық қалпына келді, өткен жаттығу жиынында мазалаған жарақаттардың бәрі артта қалды. Бұл жекпе-жекке толық дайынмын, қазір өте мықты мотивациямен келіп отырмын. Жеңіліссіз келе жатқанда бәрі менің деңгейіммен санасатын. Ал жеңілгеннен кейін көп адам маған күмәнмен қарай бастады. Сондықтан менде қайта оралып, әлі де қауқарым бар екенін дәлелдеуге деген екі есе мотивация бар.
— Жоудың жекпе-жектерін қарап үлгердіңіз бе? Қандай да бір мықты тұстарын байқадыңыз ба?
— Оның NAIZA ұйымындағы соңғы жекпе-жегін көрдім, ерекше ештеңе байқамадым. Барлығы жекпе-жек барысында белгілі болады. Әр секунд, әр минут үшін күресеміз, мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамыз.
— Осы кардта бұрынғы командаласыңыз Болат Заманбеков пен соңғы қарсыласыңыз Еламан Саясатов арасында чемпиондық айқас өтеді. Бұл текетіресте кімді фаворит санайсыз?
— Керемет жекпе-жек болады деп күтеміз. Мен Болатқа жанкүйер боламын, ол — менің бұрынғы командаласым. Оны анық фаворит көремін. Меніңше, жекпе-жек үш раундтан ұзаққа созылмайды, Саясатовтың функционалдық дайындығында әлсіз тұстар бар. Біздің жекпе-жекте Еламан толық ашылып үлгермеді, себебі менің қолым сыр берді. Сол сәтте енді қарқын алып келе жатқанмын, бірақ жекпе-жекті жалғастыра алмадым.
Қазбек Сағын мен Жоу арасындағы жекпе-жек 23 мамыр күні NAIZA 83 турнирі аясында Алматы қаласында өтеді. Турнирді тікелей эфирде Sport+ телеарнасы көрсетеді.