«Вестник ММА» жобасының авторы Михаил Краймер Sport+ сайтына арнайы сұхбат беріп, Катарда өткен UFC турнирінде Асу Алмабаевтың Киоджи Хоригучиден жеңілу себептерін талдады.
— Ең алдымен, Асудың жаттықтырушылар штабы немесе өзінің жекпе-жекке қандай жоспар, қандай тактика дайындағанын білмейтінімізді атап өткен жөн. Бұл туралы еш жерде айтылған жоқ. Біз білетін нақты нәрсе — Асу Алмабаев бұл кездесуде күрес әдістерін көп қолданды.
Егер Асудың бұған дейінгі жекпе-жектерін көрген болсаңыздар, оның үнемі күреске басымдық беретінін байқайсыздар. Өйткені оның негізгі базасы — күрес. Ол ешқашан қарсыласымен соққы алмасуға ұмтылмайды, бір соққымен нокаутқа түсіруге тырыспайды.
Иә, соңғы уақытта айналмалы соққылары жақсы нәтиже бере бастады. Бұл жекпе-жекте де бірнеше рет дәл тигізді. Бірақ оны соққы техникасының шебері деп айта аламыз ба? Жоқ. Менің ойымша, ол ешқашан ондай спортшы болмайды.
Асу өзінің мықты тұсын — күресті пайдаланады және бұл оған жақсы нәтиже беріп келеді. Қазір оның UFC-дегі көрсеткіші — 7 жеңіс және 2 жеңіліс.
Хоригучиді күрес арқылы жеңуге болар ма еді? Мүмкін. Мысалы, Bellator ұйымының бұрынғы чемпионы Патч Микс оны күрес әдістерінің көмегімен жеңген. Ол қарсыласына дене салмағы, физикалық күш және күрес арқылы қысым жасаған. Алайда Асу Патч сияқты ірі емес. Оның үстіне салмақ дәрежелері де әртүрлі. Микс Хоригучимен 61 келіде кездессе, қазір жапониялық спортшы 57 келіде өнер көрсетеді.
Жалпы, Асудың тейкдаундары нәтиже берді, бірақ партерге түсіргеннен кейін шабуылды жалғастыру жетіспеді. Жекпе-жек жоспарында қарсыласты тек құлатып, ұстап тұру ғана болды деп ойламаймын. Бәлкім, бұған дейінгі кездесулердегідей партерде үстінен соққы жасау (граунд-энд-паунд) көзделген шығар. Алайда қарсыласы оған мүмкіндік бермеді. Асу соққы жасауға ұмтылған сайын Киоджи гильотина әдісін қолдануға немесе қарсыласын аударып тастауға тырысты.
— Сіздің ойыңызша, жапониялық спортшы жеңіске ненің арқасында жетті?
— Хоригучи соққыларының арқасында жеңді. Қазіргі ММА ережелерінде 3D қағидасы маңызды рөл атқарады. Олар — Damage (зақым келтіру), Duration (әрекеттің ұзақтығы) және Domination (басымдық таныту). Соның ішінде ең бастысы — қарсыласқа келтірілген зақым.
Әрине, соққы жасау — қарсыласқа зақым келтірудің ең қарапайым жолы. Хоригучи дәл осыны істеді. Ол соққыларын дәл тигізіп, кездесудің соңында тіпті қарсыласын қанатты.
Жапониялық спортшы осының арқасында жеңіске жетті. Сонымен қатар ауырту әдістерін қолдануға талпыныстары да есепке алынды. Ал Асу бұл тұрғыда жеткілікті нәтиже көрсете алмады.
— Көптеген жанкүйерлер пікірлерінде Асудың жекпе-жекке өзіне сенімсіз шыққанын жазды. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
— Мен олай ойламаймын. Керісінше, мен оны жаттығу жиынында, соның ішінде соңғы күндері де көрдім. Оның өзін жақсы сезінгенін және салмақ қуу кезеңінен дұрыс өткенін айта аламын.
Оның үстіне осындай тәжірибесі бар спортшының өзіне сенімсіз болуы екіталай. Бұл — оның жұмысы. Әрине, кез келген файтерде жекпе-жек алдында қобалжу болады. Бірақ Асуда ерекше қатты қобалжу байқалған жоқ.
Менің байқағаным, Киоджи соққыларын дәл тигізген кезде Асу абдырап қалды. Алайда оның басқа жекпе-жектерін қарасаңыздар, мұндай жағдайлардың бұрын да болғанын көресіздер.
Асу — соққы техникасына негізделген файтер емес. Мұны мойындау керек. Әрине, бұл бағытта жұмыс істеуге болады, бірақ оның негізгі ерекшелігін түбегейлі өзгерту қиын. Ол — күрес шебері.
Боксшылармен көбірек жаттығып, олардың соққыларына үйренуге болады. Сонда Асу қарсыластың соққысынан қашпай, қорғанысты дұрыс ұйымдастырып, артық зақым алмауды үйренеді.
Алайда Асудан толыққанды боксшы немесе кикбоксшы шығады деп ойламаймын. Бұл ешқашан болмайды.
Еске сала кетейік, Асу Алмабаев Дохада өткен UFC турнирінде жапониялық Киоджи Хоригучиге төрешілердің шешімімен есе жіберген болатын.
