Грузияның Батуми қаласында кадеттер арасында классикалық шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстандық спортшылар бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.
12 жасқа дейінгі қыздар арасында Милана Филиппова әлем чемпионы атанды. Ал Алиша Бисалиева (10 жасқа дейін) мен Жансая Шолпанбек (12 жасқа дейін) күміс жүлдеге ие болды. Ұлдар арасында 10 жасқа дейінгі санатта өнер көрсеткен Ризат Ұлан қола медаль жеңіп алды.
Әлем чемпионаты 22–28 қараша аралығында өтті. Жарыс 8, 10 және 12 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында алты санат бойынша ұйымдастырылды. Әр санатта сегіз шахматшы чемпиондық атақ үшін жеті тур бойы айналмалы жүйемен бақ сынады.
Қазақстандық шахматшылар әсіресе 12 жасқа дейінгі қыздар арасында жоғары нәтиже көрсетті. Милана Филиппова мен Жансая Шолпанбек жеңіс тұғырының алғашқы екі сатысына көтерілді.
Бұл санатта төрт қатысушы жеті мүмкін ұпайдың 4,5-ін жинағандықтан, жүлделі орындар қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Милана Филиппова турнир барысында Үндістанның екі өкілін жеңсе, Жансая Шолпанбек соңғы үш партияда қатарынан жеңіске жетіп, әлемнің вице-чемпионы атанды.
10 жасқа дейінгі қыздар арасында Алиша Бисалиева жеті партияда 5,5 ұпай жинады. Ол бес рет жеңіске жетіп, бір кездесуде тең ойнады және бір рет жеңілді. Қазақстандық шахматшы үндістандық әлем чемпионы Накшатра Гумудавеллиге тек қосымша көрсеткіштер бойынша есе жіберді.
Ал 10 жасқа дейінгі ұлдар арасында Ризат Ұлан турнирді бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Үш жеңіс пен төрт тең нәтиженің арқасында бес ұпай жинап, үшінші орынға ие болды. Ол алтын және күміс жүлдегерлерден небәрі жарты ұпайға қалып қойды.
Жалпы, әлем чемпионатында Қазақстан атынан жеті шахматшы өнер көрсетті. Рамазан Төлеген (12 жасқа дейінгі ұлдар) мен Аделина Нұрханқызы (10 жасқа дейінгі қыздар) өз санаттарында төртінші орын алса, Аслан Ендібаев (8 жасқа дейінгі ұлдар) жетінші орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан атынан қатысқан жеті шахматшының төртеуі әлем чемпионатының жүлдегері атанды.
