Қазақстан жасөспірімдері Junior Davis Cup іріктеу кезеңін екінші орынмен аяқтады

Қазақстан жасөспірімдері Junior Davis Cup іріктеу кезеңін екінші орынмен аяқтады

Теннистен Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы (16 жасқа дейін) Шымкентте өткен Junior Davis Cup әлемдік командалық чемпионатының Азия/Мұхит жағалауы аймағы бойынша іріктеу кезеңіндегі өнерін қорытындылады. Аймақтың ең үздік командасы атану үшін өткен шешуші бәсекеде отандастарымыз тартысты ойын көрсетіп, жарыстың үшінші нөмірлі фавориті – Аустралия құрамасына жол берді.

Шымкент корттарындағы кездесу жерлестеріміз үшін сәтті басталды. Бірінші жекелей сында Ахмади Маханов Итан Домингодан 7:5, 6:4 есебімен басым түсті. Алайда, келесі ойында Аңсар Ниетқалиевті 6:3, 6:1 есебімен жеңген Таики Такизава аустралиялықтарға таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді.

Жарыс тағдыры жұптық кездесуде шешілді. Ахмади Маханов пен Родион Трайгель алғашқы сетте барын салғанымен, Такизава / Доминго дуэтіне қарсылық таныта алмады – 5:7, 2:6.

Ал үшінші орын үшін өткен матчта турнирдің бірінші нөмірлі командасы Жапония Үндістаннан айласын асырды (2:0).

Финалға дейінгі жол

Топтық кезеңде қазақстандық теннисшілер 100 пайыздық нәтиже көрсетіп, өз квартетінде көш бастады. Біздің ұжым Түрікменстан (3:0) мен Пәкістан (3:0) құрамаларын бет қаратпай ұтса, Оңтүстік Кореямен болған қиын матчта 2:1 есебімен басым түсті.

 
Турнирлік міндет тұрғысынан ең маңызды ойын ширек финалда өтті. Гонконг құрамасын 2:0 есебімен тізе бүктірген Қазақстан құрамасы үздік төрттікке еніп, әлем чемпионатының негізгі кезеңіне жолдаманы мерзімінен бұрын иеленді. Жартылай финалда теннисшілеріміз Үндістанды 2:0 есебімен ұтып, жеңісті жолын жалғады.

Шымкентте өткен іріктеу сындарында ел намысын капитан Сергей Квак бастаған Ансар Ниетқалиев, Ахмади Маханов және Родион Трайгель қорғады.

Командалардың қорытынды кестесі (Топ-6):Австралия
Қазақстан
Жапония
Үндістан
Оңтүстік Корея
Өзбекстан
Іріктеу қорытындысы бойынша аймағымыздың үздік төрт командасы жолдама алған Junior Davis Cup додасының финалдық кезеңі осы күзде өтеді. Жылдың басты командалық жарысында әлемнің ең мықты 16 жасөспірімдер құрамасы бақ сынайды. Шешуші турнирдің өтетін орнын Халықаралық теннис федерациясы (ITF) кейінірек анықтайды.

Турнир Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Beeline Arena» халықаралық теннис орталығында өтті.



Күн шежіресі