Қазақстан құрамасының FIFA Series 2026 турниріне арналған ойыншылардың жалпы тізімі
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов наурыз айында өтетін FIFA Series 2026 турниріне шақырылған ойыншылардың кеңейтілген тізімін жариялады, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ сайтына сілтеме жасап.
FIFA Series турнирі 25-28 наурыз күндері Астана қаласындағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Жарыс «төрттік финал» форматында ұйымдастырылады. Алғашқы матчта Қазақстан құрамасы Комор аралдарына қарсы ойнайды. Екінші ойында Кувейт немесе Намибия құрамаларының бірімен кездеседі.
Ұлттық құраманың кеңейтілген тізіміне 50 футболшы енді.
«13-25 ақпан аралығында Түркияда Премьер-лига клубтарының оқу-жаттығу жиындары кезінде U-21 және U-19 құрамаларының аға бапкерлерімен бірге селекциялық жұмыс жүргіздік. Клуб бапкерлерімен сөйлесіп, бақылау матчтарын қарап, ұлттық құрамаға үміткерлерді анықтадық. FIFA талаптарына сәйкес 1 наурызға дейін 50 футболшыдан тұратын кеңейтілген тізімді жібердік. Сол тізімнің ішінен FIFA Series 2026 турниріне 26 ойыншы тіркеледі.
Бапкерлер штабы Премьер-лиганың бірінші турындағы матчтарды да мұқият қарап шықты. Ойыншыларды бағалағанда ең алдымен олардың алаңда қанша уақыт ойнағанына және ойын кезіндегі әрекеттеріне назар аудардық. Селекциялық жұмыс өте мұқият жүргізілді. Екінші тур аяқталғаннан кейін турнирге қатысатын нақты құрамды бекітеміз деп жоспарлап отырмыз.
Үшінші тур 22 наурызда аяқталады, ал 25-інде алғашқы матчымыз бар. Сондықтан командаға әдеттегідей толық жиналып, ұзақ дайындалуға уақыт болмайды. Сол себепті соңғы тізімге дәл қазір ең жақсы ойын формасында жүрген және алдағы матчтарға толық дайын футболшылар енгізіледі», — деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов.
Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»).
Қорғаушылар: Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов (екеуі де — «Ордабасы»), Александр Мрынский, Александр Широбоков, Еркін Тапалов (бәрі — «Қайрат»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Ян Вороговский, Әлібек Қасым (екеуі де — «Астана»), Әділбек Жұмаханов, Арсен Әшірбек (екеуі де — «Елімай»), Наурызбек Жагоров, Мейрамбек Қалмырза (екеуі де — «Тобыл»), Әділет Кеңесбек, Сағи Совет (екеуі де — «Қайсар»), Дінмұхаммед Қашкен («Жетісу»), Санжар Сатанов («Атырау»), Сағадат Тұрсынбай («Жеңіс»), Бағдат Қайыров («Ақтөбе»), Амандық Нәбиханов («Каспий»).
Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов, Жан-Әли Пайруз, Алмас Төлібай (бәрі — «Елімай»), Әділет Садыбеков, Дамир Қасабулат (екеуі де — «Қайрат»), Айбол Әбікен, Ерсұлтан Қалдыбеков (екеуі де — «Қайсар»), Зикрилло Сұлтаниязов («Ордабасы»), Дамир Марат, Александр Зуев (екеуі де — «Тобыл»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Дінмұхамед Караман («Астана»), Георгий Жуков («Ақтөбе»).
Шабуылшылар: Дастан Сәтпаев, Рамазан Бағдат (екеуі де — «Қайрат»), Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов (екеуі де — «Ахмат», Ресей), Ислам Чесноков («Хартс», Шотландия), Жаслан Жұмашев, Дәурен Жұмат (екеуі де — «Тобыл»), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Рамазан Кәрімов («Астана»), Иван Свиридов, Айбар Жақсылықов (екеуі де — «Елімай»), Оралхан Өміртаев («Оқжетпес»), Артур Шушеначев («Ақтөбе»), Нұрдәулет Ағзамбаев («Қайсар»).