Қазақстан азаматтығын алған ресейлік спортшы ұлттық құрама қатарына қосылды
Ресейге салынған санкцияларға байланысты азаматтығын ауыстырған мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Қазақстан ұлттық құрамасының сапына ресми қосылды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Айта кетейік, спортшы қыз биыл Қазақстанның жазғы чемпионатына қатысып, бірінші орын алған еді. Бұл нәтиже оны ұлттық құрамаға мүшелікке алуға негіз болған.
«Софья Самоделкина Қазақстанның жазғы чемпионатында көрсеткен нәтижесіне байланысты Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің бұйрығымен Қазақстан ұлттық құрамасының қатарына қосылды», - делінген Қазақстан мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Эльмира Тұрғанованың берген ақпаратында.
Ал, ұлттық құраманың бас бапкері Әсем Қасенова Софья Самоделкинаның 18-21 қыркүйек аралығында Түркияда өтетін жасөспірімдер Гран-приіне қатысатынын мәлімдеді.