Қайрат Нұрдәулетов Станимир Стоиловпен тәжірибе алмасуда
Қазақстандық маман Қайрат Нұрдәулетов Түркияның «Гезтепе» клубында Станимир Стоиловтан тағылымдамадан өтуде, деп хабарлайды Sport+.
Тәжірибеден өту шамамен бір аптаға созылады. Қазіргі уақытта Қайрат Нұрдәулетов түрік клубында болып, Станимир Стоилов басқаратын «Гезтепе» клубының жаттығу процесін зерттеуде. Болгариялық маманның командасы қазіргі таңда Түркия Суперлигасының үздік төрттігін түйіндеп тұр.
Еске сала кетейік, 2014-2018 жылдар аралығында Станимир Стоилов «Астана» клубын басқарды. Оның жетекшілігімен елордалық клуб қатарынан төрт рет Қазақстан чемпионы атанды және қазақстандық футбол тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Сонымен қатар Стоилов «Астананы» екі мәрте Еуропа лигасының топтық кезеңіне, бір рет турнирдің 1/16 финалына жеткізген.