logo

Портагулиядағы турнирдің 1/8 финалында қос қазақстандық теннисші өзара кездеседі

Портагулиядағы турнирдің 1/8 финалында қос қазақстандық теннисші өзара кездеседі

Қазақстандықтар Бейбіт Жұқаев, Денис Евсеев және Дмитрий Попко Оэйраш (Португалия) челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.

Б.Жұқаев пен Д. Евсеев іріктеу сайыстарында екі қарсыласын ұтып, негізгі жарысқа жолдама алған еді. Дүниежүзілік рейтингіде 249-орында тұрған Денис Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 144-інші, доданың 8-ракеткасы, словакиялық Лукаш Клейннің мысын басты — 6:4, 6:0.

Бір сағатқа жетпейтін уақыт ішінде Евсеев 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып үлгерді. Клейн 2 эйстен аса алмады. Әлемнің 244-ракеткасы Бейбіт Жұқаев рейтингіде 372-сатыдағы португалиялық Гаштау Элиашты жолдан тайдырды — 6:3, 6:2.

Бір сағат 4 минутқа созылған матчта Бейбіт 8 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Элиаш 1 эйс, 1 брейкпен шектелді. Б.Жұқаев ширек финалға шығу үшін отандасы, әлемнің 197-ракеткасы Дмитрий Попкомен таласады. Д. Попко алғашқы айналымда әлемнің 120-ракеткасы, бельгиялық Рафаэль Коллиньонды ұтты — 6:3, 6:2. Д.Евсеевтің келесі қарсыласы кейін анықталады.



Күн шежіресі