Әмір Омарханов Аустралияда жарыс жолын тоқтатты
Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының ширек финалынан тыс қалды, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 4-ракеткасы Ә.Омарханов ATP рейтингісінде 1040-орында тұрған-ды. Оның үшінші айналымдағы қарсыласы жасөспірімдер арасында 18-інші, сондай-ақ ATP рейтингісінде 1473-сатыдағы швециялық Виллиям Рихтман еді.
Матч тартысты өрбіп, бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басымдылық танытты. Екіншісінде швециялық спортшы есе қайырды – 6:4.
Үшінші, шешуші сетте тай-брейкте Рихтманның жолы болды – 7:6 (10:6). Ойын екі сағат 34 минутқа созылды.
Осылайша, Аустралия ашық чемпионатында Қазақстаннан ешкім қалмады. Ә.Омарханов өткен жылы ширек финалға дейін жеткен еді.