Пеп Гвардиола «Манчестер Ситимен» келісімшартын ұзартты
«Манчестер Сити» футбол клубы бас бапкер Хосеп Гвардиоламен жаңа екі жылдық келісімшартқа қол қойғанын хабарлады, деп жазады Sport+.
Бұған дейін БАҚ-та 53 жастағы бапкермен жаңа еңбек келісімшарты «1+1» схемасы бойынша жасалғаны туралы ақпарат тараған еді. 2025/2026 маусымы аяқталғаннан кейін келісімшарт тағы бір жылға ұзартылуы мүмкін.
Гвардиоланың алдыңғы келісімшарты биылғы маусымның соңына дейін жарамды болатын.
«Неге қалдым? Мен қазір кетуге болмайтынын сезіндім. Барлығы өте қарапайым. Менен себеп сұрамаңыз. Мүмкін, соңғы төрт жеңіліс менің осы шешімге келуіме түрткі болды», — деп мәлімдеді Гвардиола.
Испаниялық маман ағылшын клубының бас бапкері болып 2016 жылы тағайындалған. Гвардиоланың жетекшілігімен «Манчестер Сити» алты мәрте Англия чемпионы атанып, Чемпиондар Лигасында жеңіске жетті.
Ағымдағы маусымда АПЛ-де «Манчестер Сити» 11 турдан кейін 23 ұпай жинап, турнирлік кестеде екінші орында тұр.