Париж мэрі Олимпиада алдында Сенада жүзбек
17 шілде күні Париж қаласының мэрі Анн Идальго Олимпиада басталардан тоғыз күн бұрын Сена өзеніндегі судың сапасын өзі тексермекші, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Le Figaro басылымы Анн Идалго Сена өзеніне 17 шілде сәрсенбі күні таңертең түсетінін хабарлады.
Сонымен қатар Париж мэрі спорт федерацияларының бірімен, соның ішінде Ашық суда жүзу федерациясының лицензиясына ие жүзушілерге қосылуды ұсынды. Алайда қалалық әкімдік бұл іс-шара «жүзу үшін ластану шегінен асып кеткен жағдайда кейінге қалдырылуы мүмкін» деп ескертті.
Бастапқыда Париж мэрі Сенаға түсуді 23 маусымға жоспарлады. Алайда маусымдағы қолайсыз ауа райы өзеннің бактериологиялық ластануына әсер етті. Сонымен қатар Ұлттық Ассамблеяның кезектен тыс сайлауына байланысты олимпиадаға дейінгі символдық сәтті кейінге қалдыруға тура келді.
Сена өзенінің тазалық деңгейі маусым айының соңында жақсарып, өзенде жоспарланған олимпиадалық іс-шаралардан төрт апта бұрын жүзу стандарттарына сай болғаны хабарланда.
Олимпиаданың ашылу салтанатынан кейін 26 шілде күні Сенада триатлоннан (30 және 31 шілде, 5 тамыз), жүзу марафонынан (8 және 9 тамыз) және паратриатлоннан ( 1 және 2 қыркүйек) жарыс өтуі керек.
Алайда қатты жауын-шашын болған жағдайда, тазартылмаған су – жаңбыр мен ағынды сулардың қоспасы өзенге ағызылуы мүмкін. Ол үшін билік ойын алдында арнайы тірек құрылғы орнатқан.