Париж-2024: Өзбекстан Испания қақпасына гол соқты
Париж Олимпиадасында шымылдық ашар матчта Испания мен Өзбекстан кездесті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Матчтағы есепті бірінші таймда Испания сапынан Марк Пубиль ашқан. Дегенмен үзіліске дейін өзбектер таразы басын теңестіріп үлгерді. «Барселонаның» 17 жастағы қорғаушысы Пау Кубарси өз айып алаңында тәртіп бұзып, төреші пенальти белгіледі. Нүктеге келген капитан Эльдор Шомуродов мүлт кеткен жоқ.
Үзілістен кейін Испания пенальти тебуге мүмкіндік алған. Алайда Серхио Гомес қақпашыдан айласына асыра алмады. Дегенмен ол өз қатесін жуып-шайып, 3 минуттан кейін жеңіс голын соқты.
Осы есеп соңғы минуттарға дейін өзгермеді. Енді Өзбекстан шілдеде Египетпен, 30 шілдеде Доминикан Республикасымен кездеседі.