Өзімнің мықты екенімді дәлелдеймін: қазақстандық 15 жасар хоккейші америкалық клубқа ауысты
АҚШ-тың USPHL Premier дивизионында өнер көрсететін «Шарлотт Раш» хоккей клубы өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында 15 жасар Темірлан Айболұлымен күні кеше келісімшарт жасасқаны жөнінде хабарлады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«АҚШ-қа барып, сол жақта кәсіби түрде хоккей ойнау деген ой-арман бұрыннан болатын. Маған бұл келісімшартты алғаш «Шарлотт Раш» хоккей клубының жаттықтырушысы Тревор ұсынған екен. Ал аталмыш келісімшарттың мән-жайын маған агентім Асқар Айманбетов түсіндіріп берді.
Бір ерекшелігі - Қазақстандағы жастар лигасына хоккейшілерді 16 жастан қабылдайтын болса, АҚШ-та 15 жастан бастап ойнай беруге болады екен. Осы тұрғыдан келгенде, менің жасым да АҚШ-та ойнауға сәйкес келді.
Міне осы секілді мәселелерді түпкілікті қарастырып, клубтың орналасқан аймағына, статистикасына, турнирлік кестедегі орнына назар аударып болған соң, белді бекем бууға әрекеттендім.
Оның үстіне USPHL Premier лигасында 15-20 жас аралығындағы хоккейшілер өнер көрсетеді. Олардан алар тәжірибе де, біліктілік те мол екені сөзсіз», - деді Т.Айболұлы.