Олар мұнда ешкім емес: ресейлік бапкер Қазақстан азаматтығын алған спортшылар туралы айтты
КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы Татьяна Тарасова жаппай шетел азаматтығын алып жатқан ресейлік спортшыларды сынады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Әлемдік спорт ұйымдары Ресейге жаппай санкция салғаннан кейін бұл елдің спортшылары 2022 жылдан бері ешқандай халықаралық жарыстарға қатыса алмай келеді.
Десе де Ресей мәнерлеп сырғанау федерациясы бірнеше спортшыға азаматтығын ауыстыруға рұқсат берген. Олардың арасында Софья Самоделкина да бар. Ол енді Қазақстан атынан жарыстарға қатысады.
Сонымен қатар Алиса Овсянкина мен Аннабель Морозова (мұзда билеу), Екатерина Гейниш пен Дмитрий Чигирев (спорттық жұп) Ресей азаматтығынан бас тартты. Карина Акопова мен Никита Рахманин жұбы және Совья Титова болса Армения азаматтығын алған.
Тарасованың айтуынша, бұл спортшылар Ресейде фавориттер қатарына кірмейді, сондықтан өзге елге кетуіне рұқсат беріліпті.
«Олар қай орында тұр? Олар өздерінің мұнда ешкім екенін біледі, үштікке, тіпті бестікке іліне алмайды. Сондықтан, олар өзі үшін күресіп жатыр, өзге елде бірінші номер болып, Еуропа чемпионаттарына қатысқылары келеді», - деді Тарасова.