logo

Нұрсұлтан Аманжолов: Қамшыбек Қоңқабаев Жалоловтың тас-талқанын шығарады

Нұрсұлтан Аманжолов: Қамшыбек Қоңқабаев Жалоловтың тас-талқанын шығарады

Аса ауыр салмақта жұдырықтасатын кәсіпқой боксшы Нұрсұлтан Аманжолов Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында қарсыласы өзбекстандық Абдурахим Джураев жайында, әлемге әйгілі украиналық боксшы Александр Усиктің Фьюриді жеңуі, отбасы мен Қамшыбек Қоңқабаевтың Париж Олимпиадасынан алтын алуға қауқары турасында айтып берді.

- 1 маусымда Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтеді. HAS PRO BOXING деп аталатын былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі ADD Arena-да болады. Сіз бұл жекпе-жекке қалай дайындалдыңыз? Қарсыласыңыз кәсіпқой рингте дебют жасайды. Мұнысын қалай қабылдадыңыз?

- Дайындығым жоғары деңгейде. Қарсыласымның дебюті екенін білмеппін. Бізде қарсыластар жиі ауысып кетеді, ертең сол өзбек боксшысымен жұдырықтасамын. Маған ешқандай әсер етпейді.

- Соңғы үш жекпе-жектің екеуін шетелде өткіздіңіз. Сізге Қазақстанда жұдырықтасқан ыңғайлы ма, әлде шетелде ме?

- Шетелде жұдырықтасқан оңай. Өйткені өзге елде болған соң жоғары деңгейде дайындаласың. Қазақстанда қаншама көрермен алдында бәсекеге түсу мен үшін ыңғайсыздау. Көпшілігі жанкүйер көп болса, делебесі қозып, күш алады деп жатады. Бірақ жеке өз басым ондай кезде қобалжып қалуым мүмкін.

-  Сіздің ата-анаңыз бен жарыңыз жарыстарыңызға барып, қолдау көрсете ме? Жеңіске жетуіңізге не әсер етеді?

- Жекпе-жектеріме достарым келіп қолдау көрсетеді. Ата-анам арнайы барып, қарамайды. Отбасым үйде тақымын қысып, ұлдарынан жақсы хабар күтіп отырады.

- Соңғы жекпе-жегіңізді наурыз айында өткіздіңіз. Толық қалыпқа келіп, қайта шаршы алаңға шығуға 3 ай уақыт жеткілікті ме?

- Сәуір айында да жекпе-жекке шыққаным бар. Әуесқой бокста да бақ сынап жүрмін. Бір сөзбен айтқанда, бәріне дайынмын.

- Сіз Александр Усиктің спарринг серіктесі болдыңыз. Оның Фьюриді жеңуі сізді таңқалдырды ма?

- Усиктің Фьюриді жеңгеніне мүлде таңданған жоқпын. Жеңетінін білдім. Усиктің қалай дайындалатынын, еңбегін өте жақсы білемін. Сондықтан жеңетініне сенімді болдым. Усик пен Фьюридің жекпе-жегін көру үшін 1 күн ұйықтамадым.

Нұрсұлтан Аманжолов: Қамшыбек Қоңқабаев Жалоловтың тас-талқанын шығарады

- Усикке британиялық Тайсон Фьюримен жекпе-жеке дайындалуға көмектескеніңізді айтқансыз. Ол сізге қандай кеңес беріп еді?

- Усик - өзіміз ғой. Қазағым секілді қарапайым, әңгімесі түзу. Усик жайлы не айтасыз десеңіз, тек қана жақсылығын айта аламын.

- Сізбен бірге кәсіби бокс жолында алғашқы қадамдарын жасап жатқан жас былғары қолған шеберлері де өнер көрсетеді. Ағайынды Төлтаевтар да бар. Оларға қандай кеңес бере аласыз?

- Оларға қандай кеңес берерімді білмеймін. Себебі олар ұлттық құрамада болған, Америкада әбден шыңдалған. Біздің кеңесімізді қажет етпейтін, өте талантты спортшылар ғой.

- Қазір ұлттық құрамада ауыр салмақта өнер көрсететін Қамшыбек Қоңқабев сіздің бұрынғы серіктесіңіз. Қамшыбектің кәсібилігін қалай бағалайсыз? Олимпиададан алтын еншілеуге мүмкіндігі бар ма?

- Негізі, Қамшыбектің Олимпиадада алтын алуға мүмкіндігі жоғары. Әуесқой бокста бақ сынады, кейіннен кәсібиге ауысты. Олимпиадада бар білетінін қолданса, Жалоловтың тас-талқанын шығарады.

Нұрсұлтан Аманжолов: Қамшыбек Қоңқабаев Жалоловтың тас-талқанын шығарады

- Қазақстандағы боксқа не жетіспейді? Дамуына кедергі келтіріп тұрған қандай күрделі мәселелерді атар едіңіз?

- Бізде қаражат та, қолдау да жеткілікті. Тек қана еңбек ету керек. Қазақтар мықты ғой.

- Қандай мақсат, арманыңыз бар?

- Мақсатым - бокстың шыңына жету. Сол үшін аянбай еңбек етемін. Бұған дейін әуесқой бокстан халықаралық жарыстарда топ жарып жүргенде «Олимпиадаға барсам ғой» деп армандайтынмын. Дегенмен қазіргі таңда бұйырмайтын дүниеге өкінудің қажеті жоқ деп санаймын. Бокстың шыңына шығу бұйырып жатса, жақсы. Болмаса болмайды, өкініш жоқ.



Күн шежіресі