logo

ММА-да Роман Копыловпен трилогия жасауға болады: Олжас Абзалиев

ММА-да Роман Копыловпен трилогия жасауға болады: Олжас Абзалиев

ABYROY Team спортшысы, NAIZA лигасының чемпионы, «Аю» лақап атымен танылған ережесіз жекпе-жек шебері Олжас Абзалиев Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында кезекті қарсыласы Марсио Сантоспен күреске дайындығы, кезінде өзінен жер болып жеңіліп, ал қазір UFC-де аты шыққан жауынгерге айналған Роман Копылов жайында, Президентпен кездесуі және бір кездері спорттық мансабын біржола тоқтатпақ болғанына не себеп болғанын айтты. 

- Бразилиялық жауынгер Марсиомен жекпе-жекке қай жерде дайындалып жүрсіз. Жалпы жаттығу қалай жүріп жатыр?

- Жекпе-жекке Астана қаласында, өз залымда дайындалып жатырмын. Дайындығым жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алла қаласа, жақсы нәтиже көрсетемін.

- Сіз қарсыласыңыздың Емельяненкомен немесе NAIZA-дағы жекпе-жектерін қарап шықтыңыз ба? Бразилиялық жауынгер жайында не айта аласыз?

-  Емельяненкомен қалай күрескенін білмеймін, жекпе-жегін көрген жоқпын. NAIZA-дағы соңғы жекпе-жегін қарап шықтым. Марсио - өмірде жаман адам емес шығар, ал спортта жақсы қарсылас.

- NAIZA турнирлерінің бірінде Марсиомен сөзге келіп қалғаныңыз бар. Бразилиялыққа не айтып едіңіз?

- Октагонда көз түйістіру кезінде сондай жағдай болғаны рас. Ондай-ондай болып тұрады. Бір-бірімізге «жап-жақсы» сөздер айтқанымыз бар.

- Неге ММА-да жиі жекпе-жекке шықпайсыз?

- Былтыр Астана қаласында өткен турнирге бақ сынауға ниеттеніп, жаттығуымды бастағанымда бірден жарақат алып қалдым. Содан кейін ол турнирден бас тартуға тура келді.

ММА-да Роман Копыловпен трилогия жасауға болады: Олжас Абзалиев

- Гусейновпен жекпе-жектен кейін «Абзалиев спорттан кетеді», «мансабын аяқтайды» деген әңгімелер тараған еді. Шын мәнінде қалай? Егер сізге спортты тоқтату туралы ой келген болса, не үшін немесе кім үшін спорттық мансабыңызды жалғастырудасыз?

- Артурмен кездесуден кейін спорттық мансабымды тоқтату туралы ой болғаны рас. Бірақ бапкерлеріммен ақылдаса келе, тағы бір белбеуге күресуге шабытым ашылды. Қаншама жыл спортта жүріп, бір сәтте қолымды бір сілтей салсам, бастаған ісімнің аяқсыз қалатынын түсіндім. Аяқсыз қалған істі соңына дейін жеткізу керегін жан дүниеммен сезіне келе, қайта жалғастыруға шешім қабылдадым.

- Сіздің дивизионыңызда атақты кикбоксшы, бұрынғы «Даңқ» чемпионы Артем Вахитов бақ сынауда. Оны өзіңізге қарсылас ретінде көресіз бе?

- Артем Вахитовпен жекпе-жек алдында танысып, сөйлестік. Өте қарапайым, сабырлы жігіт екен. Әуесқойда шығып жүргенде кіммен төбелеспедік, атақ-данқына қарамай, кіммен болсын төбелесуге дайынмын.

- Соңғы NAIZA турнирінде Данияр Қойшыбекке секундант болдыңыз. Секундант болу қалай екен?

- Иә, соңғы турнирде Данияр бауырым өте жақсы өнер көрсетті. Оған бәріңіз куә болдыңыз. Секундант болуда оңай емес, оданда өзің шыға салғаның дұрыс па деп ойлаймын.

- Қазір UFC-де атағы дүркіреп жатқан Роман Копыловпен әуесқойда жұдырықтасып, оны жеңгенсіз. Сіз Романның мансабын бақылайсыз ба және сіздің емес оның UFC-ді бағындырып жүргені сізді қынжылтпай ма?

- Роман Копыловпен әуесқойда кездескенбіз, 2015 жылы қоян-қолтық ұрыстан Әлем чемпионатының ширек финалында есе жібергенмін. Екі жылдан кейін Әлем чемпионатының ақтық сынында кездесіп, жеңіске жеттім. Есеп - бірде бір. ММА бойынша Роман Копыловпен трилогия жасауға болады. Әрине, қалжыңдап отырмын, өте қарапайым және сабырлы жауынгер. UFC-ді бағындырсын деп тілеймін.

ММА-да Роман Копыловпен трилогия жасауға болады: Олжас Абзалиев

- Өткен жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальін алдыңыз. Мемлекет басшысының қолынан медаль алу қаншалықты маңызды? Өзіңізді қалай сезіндіңіз?

- Мемлекет басшысының қолынан медаль алу өте маңызды болды. Өйткені бұл қаншама жылдық еңбегімізге берілген баға деп білемін.

- «Егер сіз Президенттің алдында болсаңыз, оған не айтар едіңіз?» деп сұрайтындар көп. Сізде мұндай мүмкіндік болды. Қасым-Жомарт Кемелұлына не айттыңыз?

- Бір ғана сөз айтқым келеді, мен Қазақстан Республикасының Президентіне және Мемлекетіне қызмет етемін.

- Сіздің лақап атыңыз неге «Аю»?

- Мені «Аю» деп іс-қимылыма, жүріс-тұрысыма қарап айтады.