Әліби Ыдырыс Алмабаев пен Мақсұмға қарсы төбелесу туралы
Қазақстандық жауынгер, NAIZA лигасының чемпионы Әліби Ыдырыс Sarbazpodcast YouTube-арнасына берген сұхбатында егер UFC ұйымға кіру үшін 57 келі салмақта қазақстандық жауынгерлер Асу Алмабаев пен Азат Мақсұммен жұдырықтасу керек деген шарт қойса, қандай шешім қабылдайтыны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
- Қазақ жауынгерлерімен төбелесу – мен үшін қиын сұрақ. Қазақстан чемпионатында (әуесқой деңгейде) қазақ пен қазақ төбелесіп жатады, бірақ кәсіби деңгейде төбелесу – ол басқа. Жекпе-жекке ұзақ дайындаласын, төбелесесің... UFC үшін қазақ жауынгерімен жекпе-жекке шығу: менің психологиям оған дайын емес. Мен олармен бауырлық қарым-қатынастамын. Кеше ғана Асумен сөйлестім. «Әліби, қалайсың? Енді мында келіп, шайқау керек» деп жазған ол. Осындай қарым-қатынаста жүріп, UFC ұсыныс жасағаннан кейін, «ал, кеттік» дей алмаймын. Жанкүйерлердің айтуы да дұрыс: «не істеп жүрсіңдер, жауынгер емессіңдер ме» деу мүмкін. Бірақ әркімнің өзінің өмірлік ұстанымдары бар. Американдықтардың менталитеті басқа, біздікі басқа. Олар бірге жаттығып жүріп, бір-бірімен қырылып алады. Әке-шешесі туралы әңгіме қозғап, «бұл бизнес үшін» деп жүре береді. Менің түсінігім бойынша мен қарсыластың әке-шешесін балағаттап, жаман сөз айтып, жекпе-жектен кейін барып қалай құшақтаймын? Мен үшін бұл төмен әрекет, - деді файтер.