Милич Чурчич: Мен және менің штабым «Тобылда» жұмысты аяқтауға лайықты болды
Қостанайлық «Тобылдың» бұрынғы бас бапкері Милич Чурчич Sport Plus Qazaqstan сайтына берген сұхбатында қостанайлық ұжымнан кету себебін, клубтың трансферлік саясатты, отандық төрешілер және чемпионат туралы пікірімен бөлісті.
– Милич, «Тобылдан» кеткеніңіз туралы жаңалық жанкүйерлерді таң қалдырды. Бұл шешімнің себебі неде?
– Не айта аламын? Мұндай шешімге көп себеп болған жоқ. Әрине, мен «Тобылда» жұмысымды жалғастырып, еурокубоктарда да ойнағым келді, өйткені менің бапкерлік штабым, футболшылар және жеке өзім бұған лайық болдық деп ойлаймын. Бірақ басшылық басқаша шешім қабылдады, мен олардың шешімін құрметтеймін.
– Клубтың трансферлік саясатын талқылайтын болсақ, «Тобылдың» құрамын жасақтауға қаншалықты қатысыңыз болды?
– Әрине, «Тобылға» келген барлық ойыншылар менің таңдауыммен келді. Мен әрбір футболшыны жеке қарап шықтым, ал олардың саны 300-ден астам болды. Бұл өте күрделі жұмыс, және, менің ойымша, біз өте жақсы команда жинадық. Бізге екі футболшы жетіспеді, мен бұл туралы басшылыққа айттым. Бізге орталық шабуылшы және тағы бір сапалы қазақстандық футболшы керек болды, біздер бұл мәселені де талқыладық.
Бірақ біз аталмыш футболшыларға қол жеткізе алмадық. Содан кейін жарақаттар мәселесі басталды. Келген ойыншыдар жасанды алаңға және табиғи алаңнан жасанды алаңға көшуге бейімделмеген. Сондай-ақ, командадағы 2-3 шетелдік футболшыға жаңа чемпионатқа бейімделу қиын процесс болды. Трансферлік саясатқа келсек, біз бәріміз бірге жұмыс істеп, жақсы команда құрдық. Бұл менің жеке пікірім.
– Жалпы қыста келген ойыншыларға қандай баға бере аласыз?
– Мен әрбір ойыншыға жеке баға бермеймін. Әрине, менде өз пікірім бар, біз көптеген үміткерлерді қарап шықтық, көптеген кандидарттар Қазақстан чемпионатына ауысқысы келмеді. Әрбір адамның отбасысы бар, сонымен қатар шетелдік футболшылар жақсы қала, мүмкін, жақсы ауа-райын, жақсы жағдайларды таңдайды. Керемет кандидаттар болды, бірақ біз тек қазіргі құрамдағы футболшылармен келісімге келе алдық. Менің ойымша, әрбір позиция бойынша біз жақсы кандидаттарды таңдадық. Тағы да қайталаймын, құрамда бізге бәсекелестік жетіспеді. Әр позицияда бар болғаны екі ойыншы ғана бар. Бұл мәселені де мен басшылыққа хабарладым, бірақ қажет болған екі футболшыны қосуға мүмкіндік болмады.
– Серікжан Мужиковтың ойыны туралы не айтасыз? Оның статистикасы мен «Жетісудағы» жарқын ойынына таңқалдыңыз ба?
– Мен Мужиковты футболшы ретінде білемін, онымен бір жыл жұмыс істедім. Бұл тамаша кезең болды және біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Арамызда өте жақсы қарым-қатынас болды. Мен үшін бұл күткен нәтиже. Мужиков – жақсы футболшы, жоғары деңгейдегі кәсіпқой. Ол қазақ футболы үшін көп пайдалы нәрсе жасады. Ол менімен жұмыс істеген кезде әрбір жаттығуды құрметтейтін. Мен команданың өткен маусымдағы 50% футболшыларын сақтап қалғым келді, өйткені біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік: Еуропада 8 ойын және Кубок финалынан кейін 4 ойын. Команданың негізгі құрамын қатты өзгертсеңіз, жұмыс жасау өте қиын.
Мен бәрін жасап үлгердік деп ойлаймын, өйткені біз Суперкубокты жеңіп алдық, бұл Қостанай футболы мен жанкүйерлер үшін тағы бір трофей. Бірақ, көрдіңіз бе, бәрі ойдағыдай болмады. Дегенмен, мен жақсы команда қалдырдым. Кубоктың жартылай финалына жеттік, бірінші ойында «Атырауды» 1:0 есебімен жеңдік (19 маусымда өткен қарымта ойында «Тобыл» 0:4 есебімен ұтылып, жарыс жолынан шығып қалды - автор). Әрине, осы маусымда Еуропада кем дегенде 4 ойын болатынын сөзсіз. Команданың топтық кезеңге өтуіне тілектеспін. Бұл менің мақсатым болды, бірақ, өкінішке орай, орындалмады.
– Кубоктың жартылай финалдағы қарымта ойынды қарадыңыз ба?
– Әрине, мен Қазақстандағы барлық ойындарды көремін. Өйткені мен ол жерде бір жарым жылдан астам уақыт жұмыс жасадым, көптеген таныстарым бар, ішінде бапкерлер және футболшылар бар, сондықтан мен «Тобылға» жанкүйер боламын. Бұл клуб маған үлкен мүмкіндік берді және Қостанайдағы жұмыстан кейін тамаша естеліктер қалды. Екі трофей және Еуропадағы 8 ойын – бұл менің мансабым үшін өте маңызды.
– Қазақстан Кубогының бірінші кездесуінде «Атырауға» қарсы төрешілер Жаслан Жұмашевтың екінші голын жоққа шығарды. Бұл туралы не айта аласыз?
– Төрешілер туралы айтқым келмейді, бірақ, иә, гол жоққа шығарылды. Жұмашев қолмен ойнады дейді, бірақ мен оны көрмедім. Мен үшін бұл таза гол болды. Матчтың жазбасын қайталап қарадық. Егер қолмен ойын болса, онда бұл таза пенальти болу керек еді. Жалры бұл ойында көптеген сәттер болды: мысалы, Тапалов гол соққанда офсайд болған-болмағанын білмеймін, бұны талқылау қажет. Бірақ қорытынды есеп 1:0 – бұл оң нәтиже, «Тобыл» жеңді.
– Сол ойынды басқарған төреші (Артем Кучин, - автор) маусымның соңына дейін төрелік етуден шеттетілгенін білесіз бе?
– Ол бізде «Атырауға» қарсы ойында төрелік еткенде оның ұзақ үзілістен кейінгі бірінші ойыны болды деп естігенмін. Бұл қызықты жағдай. Қазір ол тағы футболдан шеттетілді ме?
– Иә.
– Түсінікті, түпкілікті не болғанын білмеймін, бірақ төрелік туралы сөйлескім келмейді. Тек футбол туралы сөйлескім келеді. Мен Қазақстанда үздік футбол ойнауға тырыстым. Менің ойымша, біз Еуропада жақсы нәтиже көрсеттік. Мен құрған команда жақсы, шабуылдаушы және агрессивті футбол ойнады. Бұл мен үшін өте маңызды. Ұлттық құрамаға жаңа ойыншылар баптап шығардық: Ислам Чесноков, Роман Асранкулов, сонымен қатар жас ойыншылар бар - Ғалым, Биба және тағы басқалары. Қазақстандық футбол дамып жатқаны маңызды. Біз бір жарым жылда көптеген дұрыс шешімдер қабылдадық деп ойлаймын.
– Сіз «Тобылмен» алғашқы маусымыңызда ел кубогын жеңіп алдыңыз. Сол маусымнан кейін Қазақстаннан басқа ұсыныстар болды ма?
– Иә, әңгімелер болды, бірақ қандай клубтар екенін айтқым келмейді. Жай ғана әңгімелер, алайда мен «Тобылда» жұмыс жалғастыруды дұрыс деп шештім, өйткені бұл команда маған Қазақстанда бірінші болып мүмкіндік берді, және біз өте жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Кубокты бірден жеңіп алдық және Конференция лигасында ойнадық, бұл өте жақсы нәтиже болды. Сондықтан мен жұмысты «Тобылда» жалғастыруды дұрыс деп шештім, мен қателескен жоқпын деп ойлаймын. Ақырындап қадам жасап, біз Суперкубокты де жеңіп алдық, бұл да жақсы тәжірибе және тағы бір жүлде. «Тобылдың» тарихында жеті трофей бар, олардың екеуі мен бас бапкер болған кезде келген жетістіктер. Бұл мен үшін, жас бапкер ретінде, өте керемет жетістік.
– Қазір сізде ұсыныстар бар ма?
– Иә, бірден бір ұсыныс пайда болды. Ықтимал команда УЕФА Конференция лигасында ойнайды, бірақ мен алдымен ойланғым келді, өйткені ұзақ уақыт бойы отбасымды көрмедім, үш айдан астам уақыт өтті, сонымен қатар мен аздап демалғым келеді. Бұл жағдай жылдым орын алып, ұсыныс күтпеген болды. Сондықтан мен алдымен отбасыммен, содан соң мансабыммен айналысатын адамдармен талқыға саламын. Уақыт бар және дұрыс команданы таңдау керек. Қалыпты жұмыс істеу үшін жақсы жобасы бар нұсқа таңдау маңызды.
– Жақында Магомед Адиев Қазақстан құрамасынан кетті. Осыдан кейін сізге Футбол федерациясынан ұсыныс түскен жоқ па?
– Жоқ, ешкім менімен хабарласқан жоқ. Мен үшін бұл ерте деп ойлаймын. Мен әлі де жас бапкер ретінде дамығым келеді. Маған клубтарда жұмыс істеу ұнайды, бірақ мен ұлттық құрамамен де жұмыс істедім. Ливан құрамасында төрт жыл қызмет етіп, жақсы нәтижеге жеттік. Олар тарихта алғаш рет Азия Кубогына өтті, бұл да қызықты тәжірибе болды. Бірақ Қазақстан футбол федерациясынан мен ешкіммен сөйлескен жоқпын.
– Қиялдасақ сіз мұндай ұсынысты қарастыра аласыз ба?
– Футболда жұмыс істегенде, барлығын қарастырасың – бапкер мансабында бұл қалыпты жағдай. Қандай мақсат тұрғанын түсіну маңызды, сонымен қатар оны шешу үшін мүмкіндік болу керек. Сондықтан тиімді жұмыс істеу үшін барлығын талқылау керек. Ұлттық құрамада жұмыс жасау - күн сайын байсалды көзқарасты талап ететін маңызды позиция.
– Қазақстан чемпионатының қалған бөлігіне болжамыңызды айта аласыз ба?
– Мен «Тобыл» ТОП-3 командалар қатарына кіргенін қалаймын. Әрине, көптеген мықты командалар бар, барлығы ауқымды жұмыс атқаруда. Бұл өте қызықты чемпионат, әр команда кез келген команданы жеңе алады. Қазақстандық командада көптеген жақсы легионерлер, сонымен қатар қазақстандық футболшылар да бар. Сондықтан өте қызықты маусым болады деп ойлаймын, бірақ мен өзім жұмыс істеген клубқа жанкүйер боламын.
Тағы да қайталаймын: «Астана», «Ақтөбе», «Ордабасы», «Қайрат», «Елімай» - бұл мықты деңгейлі ұжымдар. Бұл тізімге «Қызылжарды» да жатқызуға болады. Атап өткен командалар чемпиондық атақ үшін күреседі.