6 жылда 18 футбол клубын қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген – Антикор
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп отандық спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Соңғы 6 жылда тек 18 футбол клубын қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұндай шығындармен Қазақстан FIFA әлемдік рейтингінде төмен позицияға орналасқан. Ең қымбат клуб «Самұрық-Қазына» АҚ – дан демеушілік көмек алған «Астана» ФК (50,1 млрд теңге), одан кейін «Барыс» хоккей клубы (48,9 млрд теңге).
Сонымен қатар көп бөлігі еңбекақы төлеу қорына, біржолғы төлемдерге, трансферге, агенттік келісімдеріне жұмсалған. Бұл қаражатты игеру жоғары жемқорлық тәуекелдерін тудырады», - деді Д. Бигайдаров.
Одан бөлек, өз инфрақұрылымының болмауына байланысты клубтар жыл сайын алаңдар мен мұз айдындарын жалға алуға миллиондаған қаражат жұмсайтын болып шықты.
Сөз соңында агенттік өкілі жоғарыда аталған тәуекелдер бойынша агенттік ұсыныстар әзірленгенін және оның орындалуы бақылауда екенін айтты.