Көкшетауда 10 000 орындық стадион құрылысы басталды
Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында 10 000 көрерменге арналған жаңа стадионның іргетасына уақыт капсуласын қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ ресми сайтына сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Көкшетау қаласының әкімі әрі облыстық футбол федерациясының президенті Әнуар Күмпекеев, Қазақстан футбол федерациясы Бас хатшысының м.а Александр Кеплин және аймақ тұрғындары қатысты.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов жобаның жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйекте өңірге жасаған сапары барысында берген тапсырмалары аясында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Футбол еліміздегі ең танымал спорт түрлерінің бірі болып қала береді. Бүгін басталған құрылыс келешекте қаламызға республикалық және халықаралық жарыстарды, соның ішінде жастар құрамаларының матчтары мен ұлттық турнирлердің финалдық ойындарын өткізуге мүмкіндік береді», деді М.Ахметжанов.
Жоба UEFA 4 (жоғары) санатындағы заманауи инфрақұрылымды қамтиды: жайлы трибуналар, санитарлық аймақтар, фудкорттар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар мұнда «Оқжетпес» футбол клубы үшін толыққанды жаттығу базасын салу жоспарлануда.