Карповичтің таңдауы: «Елімай» командасының алғашқы трансферлеріне шолу
«Елімай» футбол клубы - қысқы үзіліс кезінде ең белсенді клубтардың бірі. Sport Plus Qazaqstan Премьер-лиганың жаңа мүшесінің жаңа ойыншыларына сараптама жасады.
Семейлік клубтың қатарын қақпашы Мирослав Лобанцев, қорғаушылар Сергей Кейлер, Дмитрий Яшин, Николай Золотов, жартылай қорғаушылар Юрий Перцух, Никита Корзун, шабуылшылар Шина, Роман Муртазаев, Иван Свиридов сынды футболшылар толықтырды.
Лобанцев, Кейлер, Яшин, Перцух, Шина, Свиридов және Муртазаев сияқты ойыншыларды жанкүйерлер жақсы танитын болса, белоруссиялық Золотов пен Корзун жаңа маусымда ел біріншілігінің үздіктер тізіміне қосылуы мүмкін. Қос тәжірибелі ойыншы Беларусь құрамасының тұрақты мүшелері болып табылады.
Николай Золотов
29 жаста
Оң/ сол қаптал қорғаушысы
Украиналық «Колос» командасынан «Елімайға» ауысқан Золотов - қос қапталда ойнайтын әмбебап қорғаушы. Николай - шабуылға қатысуды жақсы көретін тәжірибелі футболшы. Золотовтың бойы - 177 см, сол себепті ол әуедегі жекпе-жектерге сирек араласады – ол орташа есеппен бар болғаны 29% жекпе-жекте жеңіске жетеді. Допты тосып алу және тартып алу жағынан Золотов орташа есеппен 90 минутта 8,61 рет пайдалы әрекет жасайды. Қорғаныста барлығы 67,6% жекпе-жек жеңеді.
Ол жартылай қапталдағы зоналарды пайдаланғанды жақсы көреді. Золотов шабуылда көп қозғалып, оларды жандандыруға әр түрлі пайдалы әрекеттер жасайды. Алайда, кросс жасау жағынан бұл ойыншының біршама кемшіліктері бар. Мысалы, оның кросстарының дәлдігі 33,6%, бірақ Золотов соңғы 10 жылда бар болғаны 4 нәтижелі паспен көзге түсті. Салыстырмалы түрде Дмитрий Шомконың көрсеткіштерін алсақ, ол соңғы 10 жылда 42 (!) нәтижелі пас жасады. Ал Кейлердің көрсеткіші - 9 нәтижелі пас.
Гол соғуда да Золотов мақтанарлық көрсеткіштер көрсете алмады. Соңғы 10 жылда ол 3 голмен көзге түсті. Жаңа заманға сай футболды ескеретін болсақ, Золотовтың бұл кемшіліктері семейлік жанкүйерлерді қуантар емес.
Осыдан 1,5 жыл бұрын «Зерколо» сайтына берген сұқбатында ойыншы Қазақстаннан ұсыныстар түсіп отырғаны туралы айтқан болатын, бірақ ол біздің елдің командаларына ауысуға шешімді тек осы жылы қабылдады.
- Маған қаржылық жағынан тиімдірек ұсыныстар түсті. Мысалы, Қазақстаннан, бірақ мен ол чемпионатқа ауысқым келмеді, - деген еді Николай 2022 жылдың жазында.
Аталмыш сұқбаттан кейін Золотовты өз қатарына қазақстандық клубтары қосқысы келгені рас, бірақ Николай бірнеше рет Қазақстаннан келген ұсыныстарды рақмет айтып, қайтарған болар.
Золотовтың халықаралық тәжірибесі мол. Ол Беларусь ұлттық құрамасының құрамында 14 матч өткізді.
Никита Корзун
28 жаста
Тіреуші жартылай қорғаушы
Корзун - «Елімай» сапындағы Беларусь құрамасының тағы бір өкілі. 28-жасар ойыншы тіреуші жартылай қорғаушы позициясында ойнайды. Аталмыш ойыншы допқа таласу және ойынды өрбіту жағынан мықты. Оның қарғаныстағы допқа таласу жекпе-жектерінде тиімділігі жоғары – Никита орташа есеппен 90 минутта 53,1% жекпе-жекте қарсыластан басым түседі.
Сонымен қатар Корзунның допты тосып алу қасиеті жақсы дамыған: орташа есеппен 90 минутта 5,53 допты тосып алады. Жалпы футболшының ойын интеллектісі жақсы дамыған. Бұл ретте ол - қарсыластар қысым көрсеткен мезетте дұрыс шешім таба алатын нағыз шебер. Әрине, ойыншының мұндай ойын стилі ойын ережесін бұзуға әкеледі. Жолпы ол орташа есеппен ойыншыларды 2,67 рет заңсыз тоқтатады, бірақ Корзунды қатал ойыншы деп атауға тіл бармайды.
Шабуылдарды аяқтау жағынан Никитаның кемшіліктері көзге тез түседі. Жалпы ол қарсыластың ойынын бұзу жағынан мықты болғанымен, шабуылды аяқтау жағынан онша емес. Бұл туралы Никита Корзунның да өзі ашық айта береді:
— Иә, балта... Бала кезімде маған әрқашан доппен көп жұмыс жасау керек деп айтатын. Мен әрдайым допты тартып алуда болдым... Нәтижесінде қақпашымен бірге-бір шығып, гол соға алмаймын. Осындай техника және шеберлік, - деді Корзун Беларусь чемпионатының бір ойынынан кейін.
Корзунның ойындарын көру арқылы қалыптасқан пікірді келесідей аяқтауға болады: 28-жасар ойыншы халықаралық тәжірибесі мол, командада жүйе құраушы шебер футболшы. Менталитеті мен ойын стилінің арқасында ол «Елімайдың» көшбасшысы атануы мүмкін.
Беларусь ұлттық құрамасының сапында өткізген 22 ойынды ескере отыра, Корзунды әзірше семейлік клубтың үздік трансфері деп атауға болады.
Жаңа маусымдағы ел чемпионатының басталуына 1,5 айдай уақыт бар, сол себепті «Елімай» өзінің жанкүйерлерін жаңа есімдермен әлі де қуантатыны анық.