Юлия Путинацева бүгін Аустралияда кезекті матчын өткізеді

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Қазақстандық теннисші бейсенбі күні алдымен жекелей сында қытайлық Чжан Шуайды 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтқан еді.
Содан кейін Ю.Путинцева қытайлық Ван Сюмен бірге жұптық сындағы матчын өткізуіне тура келді. Қытайлықтар Ван Синьюй –Чжэн Сайсаймен бәсеке сәрсенбі күні жаңбыр болғандықтан, кейінге қалдырылған еді.
Бұл ойында да қазақстандық-қытайлық жұптың ұтатындай мүмкіндігі болды. Алдымен қытайлық дуэт 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте Путинцева – Сю есе қайырды – 6:3. Олар үшінші, шешуші партияда есеп 5:3 болған мезетте матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Бұдан кейін қытайлықтар күш алып кетті – 7:5.
Осылайша, Ю.Путинцева жекелей сында ғана жарысты жалғастыратын болды. Ол төртінші айналымға өту үшін әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен шеберлік таластырады. Бұл матч 18 қаңтарға белгіленген.