logo

FURY-да ақша аз қалды, мені әрең «тойдырып» отыр: Абу Нұрболат

FURY-да ақша аз қалды, мені әрең «тойдырып» отыр: Абу Нұрболат

Naiza лигасында  жойқын жеңістерге жетіп жүрген Абу Нұрболат  Sport Plus Qazaqstan-ға берген сұхбатында Fury FC лигасынан не үшін кеткісі келіп жүргенін, Көшен Ақановпен араздастығы, кезекті жекпе-жегіне дайындығы, гонарары мен  өзге де өзекті сауалдарға жауап берді.

– 6 шілдеде Ақтау қаласындағы Rixos Water World Aktau NAIZA 62 турнирінде өнер көрсетесіз. Дайындығыңыз қалай? 

– Толықтай дайынмын. Жаттығу өте жоғары деңгейде болды. 5 раундтық жекпе-жек болатынына сенімдімін.

– Көшенмен жекпе-жек туралы толығырақ айттыңызшы. Хайп жасап, жекпе-жекті жарнамалағыларыңыз келді ме әлде расымен араларыңызда арты дауға ұласатындай түсінбеушіліктер болды ма?

– Көшен маған артық сөйлеп қойды. «Жекпе-жектің соңына дейін шыдай алмадың, жарты жолдан сынып қалдың» деген сарында сөздер болды. Артынша кездесіп, талқыладық. Белбеуге қол жеткізгеннен кейін Көшенмен міндетті түрде жолығамын. Қазақпен төбелескен соң мақсатым - белбеу ғана. Рейтинг үшін жұдырықтаспаймын.

– Жақында Сағындық Мекеев Дастанның тәжірибесі көбірек екенін айтты. Бұған не дейсіз?

– Сағындық ағайдың айтқаны дұрыс. Бірақ мен өз шыңыма шыққан адаммын!

– Панкратионнан Қазақстан чемпионатында Сәбит Жүсіповті тізе бүктірдіңіз. Атышулы текетіресте жеңіске жетуіңізге не көмектесті?

– Сәбитпен кездесуім көрермендеріме нағыз өзімді көрсететін сәт екенін түсіндім. Кімнің кім екені анықталатынын анық білдім. Яғни, Сәбиттің жеңілетінін алдын ала сездім десем болады. Себебі мен өзіме сенімді адаммын.

– Дастаннан бөлек лигадағы қай жауынгермен жекпе-жекке шыққыңыз келеді? 

– Мен өзге шетелдік лигаға ауысқым келеді.

– Жақында американдық Fury FC лигасымен келісімшартқа отырғаныңызды білгілі болды. Америкадағы дебютіңіз қашан болады? Fury FC лигасында қандай жоспарларыңыз бар?

– FURY-да ақша аз қалды, мені әрең «тойдырып» отыр. Аз ақша төлегендіктен менің ONE FC лигасына ауысқым келіп жүр. Қазіргі уақытта сол үшін тәжірибе жинап жүрген жайым бар. Рас, мен ақша үшін төбелесемін.  Жағдайым жаман емес, бірақ айтыңызшы, кімге ақша керек емес?!

Мен 2015 жылы мектеп бітірген соң Ақтауға оқуға түстім. MMA бар екенін естіген бойда асығыс-үсігіс жетіп бардым. Спорттың бұл түрі - бала арманым, теледидардан көріп, қатты қызығатын едім.

Ұстазым Азамат Абиловтың жол көрсетуімен ММА-ға келіп, бүгінде біраз белестерді бағындырып жүрмін. Алла қаласа, ONE FC лигасын мойындатамын!