«Ертіс» клубы жаңа бас бапкерді таныстырды
48 жастағы қазақстандық маман Марат Еслямов «Ертіс» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ойыншылық мансабында ол «Намыс», «Қайрат ЦСКА», «Ақмола», «Есіл» және «Химик» клубтарының намысын қорғады. Бапкерлік қызметінде Қазақстан клубтарында, жасөспірімдер және жастар құрамаларында жұмыс істеді, сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабының құрамында болды.
Бас бапкердің көмекшісі болып тәжірибелі маман Иван Азовский тағайындалды. Ол да қазақстандық клубтарда еңбек етіп, Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер штабының құрамында жұмыс атқарған.
Әр жылдары Марат Еслямов «Ақсу» клубымен табысты жұмыс істеп, 2021 жылы Бірінші лиганың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Қайсарды» Бірінші лиганың күміс жүлдесіне жеткізіп, команданы Премьер-лигаға шығарды. 2023–2024 жылдары «Ұлытау» футбол клубын басқарды.
Бұған дейін осы қызметті атқарған Нұрбол Жұмасқалиевтің қызметінен кеткені хабарланған болатын.