Елена Рыбакинаның денсаулығы тағы сыр берді: ол US Open турнирін жалғастыра алмайды
Әлемнің төртінші ракеткасы – қазақстандық Елена Рыбакина US Open турнирін жалғастырудан бас тартты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
X әлеуметтік желісіндегі The Tennis Letter аккаунтының жазуынша, теннисші жарақатына байланысты жарысты тоқтатқан.
Рыбакина турнирдің екінші айналымында америкалық Джессика Поншемен (#142) кездесуі керек болған. Алайда, жарысты ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшінің кортқа шықпайтынын хабарлады. Осылайша, Понше автоматты түрде үшінші айналымға өтіп отыр.
«Тек 2024 жылдың өзінде Елена Рыбакина денсаулығына байланысты 8 турнирді жалғастыра алмады. Дубай – асқазан-ішек ауруы, Рим – ауырды, Берлин – іші ауырды, Истборн – кестесінде өзгеріс болды, Олимпиада – өткір бронхит, Торонто – бронхит, US Open – жарақат», - делінген The Tennis Letter парақшасындағы жазбада.
Айта кетейік, US Open турнирінде Қазақстанның өзге теннисшісі Юлия Путинцева (#32) сәтті өнер көрсетіп жатыр. Бүгін ол екінші айналымда қытайлық Ван Синьюйді (#40) 6:1, 7:6 есебімен жеңді.