DAR Team командасының бас бапкері Эдуард Базров Sport+ тілшісіне берген сұхбатында Қазбек Сағын мен Әли Бадрудиновтың Қарағандыда өтетін NAIZA 87 турниріне қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

«Қазбек біздің бапкеріміз Ораз Әлімбаевпен бірге тыңғылықты дайындалып жатыр. Жекпе-жек жалаң жұдырық ережесі бойынша өтетіндіктен, олар бокс залдарында жаттығып, дәл қазір бокс техникасын жетілдіруге басымдық беріп отыр.

Ал Әлиге келетін болсақ, бізде оның салмағы мен деңгейіне сай спарринг серіктесін табу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ол Дағыстанға барып жаттығады. Кейін соңғы дайындық жиынын өткізу үшін Алматыға оралады. 28-і күні келуі тиіс. Содан кейін дайындықты аяқтап, Қарағандыға аттанамыз.

Жалпы, Әлидің дайындығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Салмақ қуу мәселесі де бақылауда. Ол чемпиондық белбеуін қорғауға нық сенімді», — деді Базров.

NAIZA 87 турнирі 19 желтоқсанда өтеді. Қазбек Сағын жалаң жұдырық жекпе-жектерінің жұлдызы Шыңғыс Хан Салбырынмен кездеседі. Ал Әли Бадрудинов чемпиондық белбеуін Аңсар Қасымжановқа қарсы жекпе-жекте қорғайды.

Турнирдің барлық жекпе-жегін Sport+ телеарнасынан тікелей эфирде тамашалауға болады.