Эдуард Базров Алмабаевтың грэпплинг пен еркін күрестегі белдесулері туралы пікір білдірді: Біздің мақсатымыз — UFC белбеуі
Қазақстандық ММА жаунгері Асу Алмабаевтың бапкері Эдуард Базров Sport+ сайтына берген сұхбатында спортшының RAF және ACB JJ лигаларындағы алдағы белдесулері туралы пікір білдіріп, UFC-дегі келесі жекпе-жегінің болжамды мерзімін атады:
«Біз үшін ең бастысы — UFC. Қараша айында жекпе-жекке шығуға дайындалып жатырмыз. Ал Асу алдыңғы кездесуінен кейін бірден жаттығуды бастады, кейін ұсыныс түсті. Алдымен Тбилисиге баруды жоспарлағанбыз, кейін Америкаға ұсыныс жасалды. Біз үшін оның аса айырмашылығы жоқ еді. Еркін күрес пен грэпплинг бойынша белдесулер — ол үшін жаңа тәжірибе. Қазір АҚШ-қа онымен бірге шәкіртім, әлем чемпионатының жүлдегері Асылжан Есенгелді де аттанды. Олар Америкаға 10 күнге барып, балуандармен бірге жаттығып, жұмыс істейді, Нью-Йоркті аралайды. Асу тәжірибе жинап, ақша табады. Өйткені оның отбасы үлкен, бес баласы бар, оларды асырау керек. Ал лига жаман ақша ұсынбай отыр.
Америкадан оралған соң, екеуіміз Стамбұлға ACB JJ турниріне ұшамыз. Ол лиганың белбеуі үшін белдеседі. Әрине, жеңіске жету үшін күресеміз, бірақ бар күшін сарқып, тәуекелге бармайды. Мен оған: «Егер қауіпті жағдай туындаса, беріл, тәуекел етпе», — дедім. Қалай болғанда да, біздің мақсатымыз өзгермейді — UFC белбеуі. Оны мүмкіндігінше тезірек Қазақстанға алып келуіміз керек».
— UFC-дегі келесі жекпе-жектің қашан өтетіні белгілі ме?
— Әзірге 21 қарашада Катарда өтетін турнирге дайындалып жатырмыз. Алла қаласа, жақын арада қарсыласы белгілі болады. Ройвал бұл күні жекпе-жек өткізгісі келмейтін сияқты, сондықтан кімді берілетінін күтіп отырмыз. Осы екі белдесуді өткізген соң, октагонға оралуға дайындықты бастаймыз.