Джон ван ’т Шкип: Қысқа уақыт ішінде мықты әрі ұйымшыл команда қалыптастыруымыз қажет

Джон ван ’т Шкип: Қысқа уақыт ішінде мықты әрі ұйымшыл команда қалыптастыруымыз қажет

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында құраманың алдағы ойындарға дайындығы, құрамның жасақталуы, бапкерлер штабының жұмысы және отандық футболдан алған алғашқы әсері туралы айтты, деп хабарлайды Sport+.

— Өткен демалыста «Елімай» мен «Қайрат» арасындағы матчты тамашаладыңыз. Ойыннан қандай әсер алдыңыз және қай футболшыларға ерекше назар аудардыңыз?

— Әрине, саяхаттап, жаңа жерлермен және айналаңмен танысу әрдайым қызықты. Бұл жолы матчты көру үшін Семейге бардым. Ойын тартысты өтті. Бірінші таймда «Елімай» жақсы ойнады, алайда екі қателік жіберді, оны «Қайрат» өте тиімді пайдаланды. Үш мүмкіндіктің екеуін голға айналдырды.

Осыдан кейін «Қайрат» ойын барысын өз бақылауында ұстады. Екінші таймда «Елімай» ойынға қайта оралып, қарсыласына көбірек қысым көрсете бастады. Жалпы алғанда, матч қызықты өтті.

Әрине, мен ұлттық құрамаға шақырылуы мүмкін футболшыларды мұқият бақыладым. Әсіресе командаға пайдасын тигізе алатын ойыншыларға ерекше назар аудардым.

— Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалғаныңызға бір айға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде қандай жұмыс атқарылды?

— Біз үлкен жұмыс атқардық. Матчтарды тамашалап, көптеген футболшыларды зерттедік. Сонымен қатар алдағы оқу-жаттығу жиынына арналған презентациялар мен командалық жиналыстарға қажетті материалдарды дайындап, жаттығуларды жоспарлап жатырмыз. Сондай-ақ бапкерлер штабына командадан қандай футбол көргім келетінін түсіндіріп жатырмын.

 — Соңғы тізімге енуі мүмкін футболшылармен сөйлесіп үлгердіңіз бе?

— Көп жеке кездесу болды деп айта алмаймын. Кейбір футболшылармен матчтарда немесе әуежайда кездесіп, амандастық. Англияда жүрген Сәтпаевпен FaceTime арқылы бір рет сөйлестім. Әңгіме қысқа болды, шамамен екі минуттай, ерекше ештеңе болған жоқ.

Оқу-жаттығу жиынына жиналған кезде әрбір футболшымен жеке сөйлесіп, жақынырақ танысуға тырысамын. Бізде уақыт көп емес, өйткені шамамен 17 күн ішінде үлкен көлемдегі жұмысты атқаруымыз қажет. Сондықтан толығырақ оқу-жаттығу жиыны кезінде сөйлесеміз.

— Бапкерлер штабының мүшелерімен танысу қалай өтті? Ортақ жұмыс қалай ұйымдастырылған?

— Барлығы өте жақсы жүріп жатыр. Біз танысып, міндеттерді бөліп алдық. Штабта дене даярлығы бапкері және бұрын ұлттық құрамада ойнап, Қазақстан чемпионатында көзге түскен екі ассистент бар. Олар маған көп көмектеседі. Сонымен қатар қақпашылар бапкері және басқа да мамандар жұмыс істейді.

Біз көптеген кездесу өткіздік, сондықтан қазір бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Штаб мүшелері менің талаптарымды және командадан нені қалайтынымды біледі. Күн сайын дайындық бағдарламасымен жұмыс істеп, матчтарды көріп, футболшыларды талдауды жалғастырып жатырмыз.

— Бапкерлер штабымен бірге бірнеше қала мен матчтарға бардыңыз. Қазақстан чемпионаты мен оның деңгейі туралы қандай әсер қалыптасты?

— Ең алдымен, мұнда көп саяхаттауға тура келеді. Мен бұған үйренгенмін, өйткені Аустралияда жұмыс істеген кезде де жиі ұшуға тура келетін. Бірақ қазір өте қысқа уақыт ішінде көптеген матчқа барып үлгердім.

Менің ойымша, чемпионат жақсы деңгейде және жақсы ұйымдастырылған. Стадиондар мен инфрақұрылым туралы айтатын болсақ, Қазақстанның басқа еуропалық елдердің деңгейіне жақындауы үшін әлі де дамитын бағыттары бар. Дегенмен бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын көріп отырмын.

Әрі қарай дамуға мүмкіндік бар екені жақсы. Айырмашылықты қысқарту үшін клубтар мен мемлекет осы бағытта жұмысты жалғастырады деп үміттенемін. Бұл чемпионаттың өзі үшін де, отандық футболшылар үшін де маңызды.

 — Сізді жағымды таңғалдырған қалалар болды ма? Мүмкін, сапарлар барысында есте қалған бір оқиға бар шығар?

— Барлық жерде өте жақсы болды. «Тобылдың» еурокубок матчына бардым, «Жетісу» мен «Ордабасы» арасындағы ойынды тамашаладым, бұл мен барған алғашқы матч еді. Түркістанда, Каспий теңізінің жағасындағы Ақтауда болдым, енді Семейге де барып қайттым. Қысқа уақыт ішінде көптеген түрлі жерлерді аралап үлгердім.

Барлық жерде мені өте жақсы қарсы алды. Адамдар ақкөңіл, көмектесуге және өзімді жайлы сезінуім үшін бар жағдайды жасауға тырысады. Әрине, бұл сапарлардағы менің басты міндетім — матчтар мен футболшыларды бақылау. Ал ойынға дейін немесе кейін дәстүрлі тағамдардан дәм татып, маған ұсынылған дүниелермен танысуға тырысамын. Әсерім өте жақсы, барлық жерде мені жылы қарсы алды.

 — Жақында Қазақстан құрамасының алдағы матчтарға арналған кеңейтілген құрамы жарияланды. Оны жасақтау кезінде футболшылардың қандай қасиеттеріне бірінші кезекте назар аудардыңыз?

— Ең алдымен, әрине, футболшының өз позициясына сай қасиеттеріне қараймын. Менде команданың қалай ойнауы керектігі туралы белгілі бір түсінік бар, сондықтан нақты бір ойыншының сол модельге сай келе алатынын бағалаймын.

Сонымен қатар физикалық дайындық та маңызды. Тәжірибенің де мәні бар, сондай-ақ футболшының командаға бере алатын энергиясы да ескеріледі. Егер жас ойыншының қажетті қасиеттері бар екенін көрсем, оған мүмкіндік беруден қорықпаймын. Кейде дәл осындай футболшылар командаға қосымша серпін бере алады.

Барлық осы құрамдастардың дұрыс тепе-теңдігі қажет. Бірақ ең алдымен футболшының деңгейі мен физикалық дайындығына қараймыз.

— Соңғы құрамды қашан жариялауды жоспарлап отырсыз?

— Келесі турдан кейін құрамның негізгі бөлігі бойынша түсінігіміз қалыптасады. Одан кейін кейбір футболшылар бойынша соңғы шешімді қабылдау үшін тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін. Атап айтқанда, олардың физикалық жағдайы туралы қосымша ақпарат алуымыз керек.

Келесі аптаның соңына дейін нақты шешімге келеміз деп үміттенемін. 7 қыркүйек дүйсенбіге сәйкес келеді, сондықтан шамамен 11-12 қыркүйекте соңғы құрамды жасақтаймыз деп ойлаймын.

 — Алдағы халықаралық үзілістерде құрама жаңа ойыншыларға қаншалықты ашық? Қазіргі тізімге енбегенімен, бапкерлер штабының назарында жүрген футболшылар бар ма?

— Біз барлығын қарастырамыз: жас футболшыларды, біраз уақыт ұлттық құрамаға шақырылмаған тәжірибелі ойыншыларды, жарақат алып, қазір қайта оралып жатқан футболшыларды. Барлығын бақылап жүрміз.

Егер футболшы бұл жолы шақырылмаса, бұл оның келесі жолы шақырту алмайтынын білдірмейді. Көп нәрсе ойыншының қазіргі жағдайына байланысты. Ұлттық құраманың ерекшелігі де осында: келесі жиынға қазір құрамда жоқ футболшыны шақыруға болады.

Бұл кері бағытта да жұмыс істейді. Егер ойыншы қазір ұлттық құраманың қатарында болып, бірақ жеткілікті деңгейде өнер көрсетпесе, келесі жолы шақырту алмауы мүмкін. Ұлттық командадағы бәсекелестік осылай жұмыс істейді.

 — «Қайрат» Конференция лигасының негізгі кезеңінде ойнайды, ал қақпашы Стас Покатилов Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Қазақстан чемпионаты қарашада аяқталатынын ескерсек, олардың қараша және желтоқсан айларында ойын тәжірибесін жалғастыра алатыны құрама үшін қаншалықты маңызды?

— Мен үшін желтоқсан соншалықты маңызды емес, ал қараша үлкен маңызға ие, өйткені 12 және 16 қарашада соңғы екі матчымызды өткіземіз. Сондықтан сол кезеңге дейін футболшылардың жақсы физикалық бабын сақтауы маңызды.

Егер олар еурокубоктарда ойнауын жалғастырса, бұл ең алдымен өздері үшін пайдалы болады. Біз үшін ойыншылар кем дегенде қарашаның ортасына дейін жаттығып, тұрақты ойын тәжірибесін алып жүруі маңызды.

 — Бұған дейін Дастан Сәтпаевпен сөйлескеніңізді айттыңыз. Ол «Бернли» сапында Чемпионшипте дебют жасады. Оның мансабындағы бұл қадамды қалай бағалайсыз және ағылшын футболына бейімделуін қаншалықты мұқият бақылап жүрсіз?

— Мен бір футболшыны бөлек атап өткім келмейді. Онымен болған әңгімелескенімді айттым.

Бірақ футболшылардың мансабында келесі қадам жасауға мүмкіндік алғанын маңызды деп санаймын. Қазір Англияға ауысқан Сәтпаев сияқты. Барлығымыз оның жолы болып, бәрі сәтті жалғасады деп үміттенеміз. Бұл отандық футболдың имиджі үшін де, армандарды жүзеге асыруға болатынын көріп жүрген жас ойыншылар үшін де маңызды. Көп еңбек етіп, талантқа ие болсаң, Еуропаға қадам жасап, үлкен клубқа ауысуға болады.

Бұл ұлттық құрамаға да, жалпы қазақстандық футболға да пайдалы. Мысалы, Нидерланд құрамасына қарайтын болсақ, меніңше, негізгі құрамдағы футболшылардың басым бөлігі қазір Нидерланд чемпионатында ойнамайды. Олар Испания, Англия, Германия және Франция сияқты мықты лигаларда өнер көрсетеді. Бұл олардың деңгейін арттыруға көмектеседі.

Сондықтан мұндай ауысулар тек пайдасын тигізеді деп санаймын. Сәтпаев өзін сәтті көрсете алады деп үміттенеміз. Әзірге оның жағдайы жақсы болып жатыр.

— Бақылауларыңызға сүйенсек, алдағы ұлттық құрама матчтары қарсаңында футболшылар қандай физикалық жағдайда? Қандай да бір алаңдаушылық бар ма?

— Өзім айтып өткендей, сұрақ туғызатын бірнеше мәселе бар. Сондықтан кейбір футболшылар бойынша келесі аптаға дейін күтіп, жағдайының қалай өзгеретінін бақылауымыз қажет болуы мүмкін.

Жалпы алғанда, ойыншылардың басым бөлігі өз клубтарында тұрақты ойнап, жеткілікті ойын тәжірибесін алып жүр. Ал аз ойнайтын футболшыларға келсек, олардың жағдайы мен әр ойыншының ерекшеліктерін бағалауымыз керек. Клубта тұрақты ойын тәжірибесі болмаса да, жақсы өнер көрсете алатын футболшылар бар. Осы шешімдердің барлығын келесі аптада қабылдаймыз.

 — Қазақстан чемпионаты наурыздан қарашаға дейін өтеді. Қыркүйекте біздің футболшылар маусымның ортасында болып, көбірек ойын тәжірибесіне ие, ал еуропалық чемпионаттар енді ғана басталады. Бұл артықшылық бола ала ма?

— Қазір үлкен айырмашылық бар деп ойламаймын. Біз матчтарды қыркүйектің соңында өткіземіз, ал көптеген еуропалық командалар еурокубоктардың іріктеу кезеңдеріне қатысқандықтан, ойындарын шілдеде-ақ бастайды. Оған дейін маусым алдындағы дайындықтан да өтеді.

Сондықтан қыркүйектің соңына қарай үлкен айырмашылық болмайды. Қазақстандық футболшылар маусымның ортасында немесе тіпті аяқталуына жақын кезеңде, ал еуропалық ойыншылар маусымды енді бастады деуге болады. Бірақ олар да тың әрі жақсы физикалық формада болады.

Бұл туралы көп айтуға болады, бірақ футбол алаңында не болатыны маңызды. Ойыншылар өз чемпионаты маусымының ортасында ма немесе қарсылас өз чемпионатында небәрі екі ай ойнады ма — оған қарамастан, дайындық деңгейін тікелей матчта көрсетуі керек.

— Қазақстан құрамасының бас бапкері ретіндегі алғашқы матчтарыңыз жақындап келеді. Командадан не күтесіз және алдағы кездесулерге қандай мақсат қоясыз?

— Меніңше, бізде уақыттың аздығы өте маңызды жайт. Біз бірге жұмыс істеуді енді ғана бастадық, бір-бірімізге бейімделіп жатырмыз. Сондықтан футболшылар жаттығулар мен бейнеталдаулар кезінде толықтай шоғырлануы керек. Олар біздің нені қалайтынымызды түсінуі тиіс.

Қысқа уақыт ішінде нәтижеге жете алатын мықты әрі ұйымшыл команда қалыптастыруымыз қажет. Бұл оңай болмайды. Алғашқы екі матчты сырт алаңда өткіземіз, бірақ бірден мінезімізді және талаптарымызды түсінетінімізді көрсетуіміз керек.

Біз алға жылжып, нәтижеге қол жеткізгіміз келеді. Сондықтан оқу-жаттығу жиыны барысында әрбір футболшы барынша шоғырлануы тиіс. Бұл демалыс емес. Алдымызда мықты қарсыластармен маңызды матчтар күтіп тұр, біз оларға дайын болуымыз керек.



Күн шежіресі